Бүгінгі күні медиа тамыры кең жайылған сала, және де бұл оның түрлі бағыттарының бар болуымен байланысты. Солардың ішіндегі PR саласын қарастырып көрейік. PR бүгінгі күні қоғамға үлкен әсер ететін, үлкен сұранысқа ие мамандық. Бұл ұғымның анықтамасы өте көп, бірақ ең негізгісін ашып айтатын болсақ, PR – ұйым мен қоғам арасындағы түсіністік пен жақсы қарым –қатынасты құрып, өнім немесе белгілі бір ұйымның атқаратын қызметі туралы қоғамдық дұрыс пікір қалыптастыру арқылы, ұйымның мықты имиджін құрумен айналысатын сала.
Пиар мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті, сөз тапқырлығын, үлкен жауапкершілік, ізденіс пен коммуникативтілікті талап ететін жауапты сала. Жалпы PR маманы әртүрлі салада жұмыс істей алады. Оның негізгі міндеттерін сипаттап кетсек:
- Біріншіден, пиар маманы жаңа өнімдер мен тауарлардың, қызметтердің нарыққа келуіне септігін тигізеді.
- Екіншіден, белгілі бір тауарға деген көзқарастың қалыптасуына немесе өзгеруіне әсер етеді.
- Үшіншіден, ұмытыла бастаған өнімдерге деген сұранысты жоғарлату мақсатында қызмет етеді немесе мәселе туындаған жағдайда тауардың абыройын қорғайды.
- Төртіншіден, компанияның жеке имиджін қалыптастырып, жеке аудиторияның сезімі мен түпсанасымен жұмыс істейді. Ол үшін нағыз пиар маманы өзінің қызметінде спиндокторинг, үгіт-насихат, пиар-акциялар, жағымды манипуляция, лоббизм, сыбыс тарату сияқты түрлі пиар технологияларын пайдалана білуі керек. Бұдан басқа пиаршы әрдайым уақыт толқынында болу үшін, БАҚ-пен тығыз байланыста болып, түрлі брифинг, конференцияларды ұйымдастыра алуы тиіс.
Пиар кең ұғымды береді. Бұл саланың қызметі мен оның қоғам үшін маңыздылығы жайлы толығырақ айтатын болсақ, пиар жарнама сияқты жұмыс жасамайды, бұл саланың қызметі әлдеқайда күрделірек. Пиар саласында цифрлық жүйе мен пиар технологиялар кеңінен қолданылады. Заманға сай жаһандық дамудың біршамасы осы пиар саласына байланысты. Неге десеңіздер, ОЭСР ұйымының зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, әлемде жалпы 300-мыңдай бизнес алаңы мен кәсіпорындар бар. Бұл санға саяси қызметті қосқан жағдайда санақ екі есе артады. Және осы барлық бизнестердің кәсіби дамуына жауап беретін сала – PR саласы. Ал енді, әлемде пиар функцияларын мүлдем қолданбайды деп елестетіп көрейік. Бұл жағдайда әлемдік брендтер, үздік кәсіпорындар өз озықтылығын, сұраныс пен актуалдылығын жоғалтып, бесекелестік те өз көрінісін жояды. Адамдар еш хабарсыз, белгісіз, сапасы төмен продукцияны алып, әлемде сапасыз тауар нарығы жүре бастайды. Ал бұл көп кәсіпорындардың қиын жағдайға ұшырауына әкеліп соғады. Адамзат осы сынды жағдайға тап болмас үшін, бізге пиар саласы қажет. Пиар ұғымы кеңінен таралып, қаншалықты жақсы дамыса, басқа салалар да соншалықты жақсы дами алады.
Қоғаммен байланыс ұғымы елімізге келуіне жиырма жылдан астам уақыт болды. Әзірге пиар Қазақстанда жас сала болса да, өзінің кеңістігінде тез және үйлесімді дамып, барған сайын танымал болуда. Және бұл мамандық еліміздің көптеген мықты университеттерде оқытылуда. Солардың ішінде, ел ордамыз Астана қаласында орналасқан ЕҰУ 2013 жылдан бастап мықты маман иелерін даярлап шығуда. Оның басты мақсаты мен арқарар қызметі – жас талапкерлердің бұл салаға деген қызығушылығын арттырып, жаңа әрі биік деңгейге көтерумен айналасу. Егер де сіздің бұл салаға деген қызығушылығыңыз болса университетіміз құшағын жая қарсы алады!
Пиар мамандығының қоғамға берер пайдасы көп, кішкентай кәсіпорындардан саясатқа дейінгінің барлығын қамтып дамытатын сала екенін де біле алдық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – пиар саласын барынша дамытып, өз отандық өнімімізді құрып, осы арқылы Қазақстанды бәсекеге қабілетті, дамыған елдер қатарына қосу басты мақсатымызға айналуы тиіс!
Сабина Тасболат