«Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі академиялық мобильділік»

ЕҰУ студенттерге үлкен мүмкіндіктер сыйлайтын университет екені бәрімізге мәлім. Сондай бірегей мүмкіндіктердің бірі – академиялық ұтқырлық. Студенттердің академиялық ұтқырлығы  бұл – білім алушының шетелдік серіктес университетіне немесе мемлекет ішіндегі ЖОО-на белгілі бір академиялық кезеңге (бір семестр немесе оқу жылы) ауысып білім алуы. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандық жоғары білімнің сапасын халықаралық стандарттарға сәйкес қамтамасыз етіп, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

2011 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде академиялық мобильділік бағдарламасы енгізіліп, бағдарлама сыртқы және ішкі бағыттарда жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда сыртқы академиялық ұтқырлық аясында Еуразия ұлттық университетімен Еуропалық Одақ елдерінен бастап Азияға дейінгі, соның ішінде ТМД, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінен 118 университет серіктес болып келеді, және оның ішінде 21-і академиялық ұтқырлық бойынша келісім- шартқа тұрған. Бакалавриат пен магистратура бағдарламасының білім алушылары сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде Испания, Ресей, Иордания, Чехия, Сауд Арабиясы, Португалия, ҚХР, Оңтүстік Корея, ГФР, Жапония университеттерінде білім алуда. Соңғы 5 жылда ЕҰУ-нің 1500-ден астам студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелде білім алып шықты. Қазіргі таңда университетімізде «Мемлекеттік қолдау», «Erasmus+» халықаралық несиелік ұтқырлық, «ENU Students Ambassador», «UMAP», «Мевлана» түрік академиялық ұтқырлық, «Орхун» академиялық ұтқырлық сияқты халықаралық гранттарды, шәкіртақыларды, сондай-ақ мемлекет пен жалпы университеттен қаржылық қолдау алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы сыртқы академиялық мобильділікпен білім алып шығуға қойылатын талаптар: білім алушының GPA саны 3.5-тен кем болмауы қажет, университетте ағылшын тілінен ішкі тест тапсырылып, шектік балл жиналу қажет немесе IELTS 6.0-дан төмен болмауы керек.

Ендігі кезекте ішкі академиялық мобильділік жайлы айтатын болсақ, ішкі академиялық ұтқырлық шеңберінде студенттер келесі аталып өтетін мемлекеттік жоғары оқу орындарында білім ала алады: әл-Фараби ат. ҚазҰУ, М.О. Әуезов ат. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, С. Торайғыров ат. Павлодар мемлекеттік университеті, X. Досмұхамедова ат. Атырау мемлекеттік университеті , Е.А. Бөкетов ат. Қарағанды мемлекеттік университеті және Ш. Уәлихан ат. Көкшетау мемлекеттік университеті.

Академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша шетелде білім алу студенттер үшін баға жетпес, кәсіби жолда қажет болатын өмірлік тәжірибе алуға, ой-өрісті кеңейтуге, тіл байлығын жетілдіруге, басқа мәдениеттермен танысып, шет елдерді жан-жақты зерттеуге, жаңа таныстықтарды көбейтуге және тағы да басқа көптеген жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Және студенттер беріліп жатқан кереметтей мүмкіндіктердің барлығын өзінің және елінің игілігі үшін дұрыс пайдалана алуы керек.

Сабина Тасболат

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *