Пайдалы аукцион

Күлуді жақсы көресіз бе? Күніне қанша адамға күлкі сыйлайсыз? Бір адамды бақыттырақ қылуға қаншалықты тырысасыз?

Әрбір күні өзгеден емес, өзіңнен жақсырақ, мықтырақ болуға тырысу керек. Мейірімді болсаңыз, айналаңыздағы адамдар сізге жақындай түседі. Сенбейсіз бе? Онда сізге үлкен мүмкіндік туып тұр. Жақында Елорда жастарының, пікірсайыс клубтарының белсенділері өте мықты жоба бастады. Асылында, «Baqyt ber» –  тағдыр тауқіметін көрген, сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамдағы әлеуметтік әлсіз топтар мен жандарға жылу сыйлайтын жоба.

Жобаның ерекшеліктерінің бірі аукцион форматында өтеді. Ұйымдастырушылар 1 адамды таңдап алып, онымен кездесуді аукционға қояды. 24 сағат ішінде осы лотқа ең көп ақша ұсынған адам жеңіске жетеді. Нәтижесінде, онымен кездесіп, бірге уақыт өткізіп, тәжірибе алмаса алады. Сатып алудың минималды құны – 1000 теңгеден басталады. Осылайша, бірнеше сатылым болғаннан кейін түскен қаражатты қажет ететін отбасыларға, емге, асыраушысынан айырылған немесе көп балалы отбасыларға, қарттар үйіне, қоғамдағы көмек қажет топтарға қамқорлық жасайды. Жобаның бірінші маусымының нәтижесінде 172088 тг жиналды. Лотқа 22 адам қойылды. Ең қымбат лот құны 33 333 теңге болды. Жиналған ақшаға көпбалалы төрт отбасыға көмек берілді.

Егер, сіз де аукционға шыққыңыз келсе «Instagram» желісіндегі «baqyt_ber» аккаунтына тіркеліп, жобаға қатысты ұсынысыңызды жазуыңызға болады. Жүрегіңізден мейірім нұры төгіліп тұрсын. Адам үшін ең асыл қасиет сол. Зауал шағында көңіліңізге талшық етер бір ғана медеу – сол адастырмас адамшылық шырағы. Бақытты бірге берейік.

Аружан Дәрібай

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *