ЕУРАЗИЯДА ТӨРТ АҚЫН ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Сөз өнерінің саңлақтары, ұлттың жүрегін өз өлеңдерімен тербектен ақындар 13 желтоқсан күні Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында жастармен кездесті. Әдеби бас қосудың мақсаты – өлеңге жаны құмар жастарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісу.

«Qar» атты поэзия кешінің басты кейіпкерлері Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Егемен Қазақстан газетінің қызметкерлері Жәнібек Әлиман, Батырхан Сәрсенхан, Ерлан Жүніс және Дүйсенәлі Әлімақын.

«Ақынын ардақтаған ел бақытты», – демекші мазмұнды кештің өтуіне мұрындық болған университетіміздің «Топжарған» ақындар клубының мүшесі, филология факультетінің 3 курс студенті Абзал Мақаш.

Поэзия кешінде филология факультетінің 3 курс студенті Құлшар Бекзат, Журналистика және саясаттану факультетінің 4 курс студенті Айтолған Жүнісхан ақындардың өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, Қазақ ұлттық өнер университетінің  колледж студенттері «Еділ мен Жайық» әнін, ал оқу ордамыздың сәулет-құрылыс факультетінің 3 курс студенті Айзада Ахметова жетіген аспабында «Аққу» күйін орындады.

Қаламымен өмірін өрнектеген ақындар да өз өлеңдерін жастарға оқып,  оқырман көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Ең қызығы Жәнібек Әлиман, Батырхан Сәрсенхан, Дүйсенәлі Әлімақын, Ерлан Жүніс ақын ағаларымызға өлең шумақтарында кездескен сұрақтар, авторлардың өздеріне қойылды.

Бұдан бөлек жастармен кездесуге бірнеше жыр жинақтарының авторлары, ақын апаларымыз Танакөз Толқынқызы мен Толқын Қабылша келіп, жырдан шашу шашты.

Кеш соңында жастар ақындарымыздың қолтаңбаларын алып, естелікке суретке түсті.

Журналистика және саясаттану факультеті

Алмагүл Тастанова

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *