ЖЕНЕВА, 2026 жылғы 6 наурыз — Женева қаласында БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы (ЕЭК) мен ЮНИСЕФ-тің ұйымдастыруымен, Еуропалық статистиктер конференциясының қамқорлығымен балалар статистикасы жөніндегі сарапшылардың кездесуі өтіп жатыр. Оның аясында Қазақстанның төрағалығымен TransMonEE желісінің сессиясы басталды. 30 елдің ұлттық статистика басқармаларының, үкіметтер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері балаларға қатысты деректер жүйесін дамыту, олардың әл-ауқатына мониторинг жүргізу және әлеуметтік саясатта заманауи технологияларды қолдану мәселелерін талқылауда.
ЮНИСЕФ-тің қолдауымен Еуропалық статистиктер конференциясы 2020 жылдан бері балалар статистикасын жетілдіру жұмыстарын жандандырып келеді. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың жағдайы, балаларға қатысты зорлық-зомбылық және баламалы қамқорлыққа алынған балалар мәселелеріне айрықша назар аударылады. Ал 2024 жылы Балалар статистикасы жөніндегі жетекші топ құрылды.
TransMonEE – балалар мен жасөспірімдерге қатысты деректердің сапасын арттыру және оларды тиімді пайдалану мақсатында 30 жылдан астам уақыт бойы Еуропа мен Орталық Азия елдерінің ұлттық статистика басқармаларының басын біріктіріп келе жатқан өңірлік желі.
Сессия төрайымы, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Гүлмира Қараулова халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті:
«TransMonEE – тәжірибе алмасудың маңызды тұғырнамасы саналатын, 30 жылдан астам тарихы бар өңірлік серіктестік. Қазақстан үшін балалар туралы сапалы әрі қолжетімді деректерді қалыптастыру – ұлттық басымдықтардың бірі. Біз инновацияларымызбен бөлісуге және балалардың бүгінгі таңда бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлеріне жауап беретін жаңа шешімдерді бірлесе іздеуге дайынбыз».

Соңғы жылдары Қазақстан әкімшілік деректерді жақсарту саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ұлттық статистика бюросы 29-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйемен дерек алмасып отырады. 2025 жылы Қазақстан ЮНИСЕФ, АДБ (Азия даму банкі) және ЮНФПА-мен бірлесе отырып, 24 мыңға жуық үй шаруашылығын қамтыған ел тарихындағы ең ауқымды Мультииндикаторлық кластерлік зерттеуді (MICS) сәтті аяқтады. Алынған мәліметтер «Қазақстан балалары 2026–2030» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу барысында негізге алынды.
Сонымен қатар сессия барысында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жобасы таныстырылды. Ол – атаулы әлеуметтік көмек тағайындау саясатының тиімділігін арттыру мақсатында себеп-салдарлық машиналық оқыту (causal machine learning) әдісін қолдануға арналған.
Себеп-салдарлық машиналық оқыту моделін пайдалану қаржылық қолдау мейлінше үлкен нәтиже беретін халықтың топтарын барынша дәл анықтауға мүмкіндік береді.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар былай деп атап өтті:
«Қазақстан цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу бағытында айтарлықтай ілгерілеушілік көрсетіп отыр. Ең бастысы, бұл технологиялар балалар мен отбасыларды қолдау шараларын жақсарту мақсатында қолданылуда. Бұл бірегей тәжірибе өңірдегі басқа мемлекеттер үшін де пайдалы болуы әбден мүмкін».
Қазақстанның TransMonEE сессиясына төрағалық етуі және жаңа цифрлық шешімдердің таныстырылымы еліміздің заманауи деректер жүйесін дамытудағы және дәлелді әлеуметтік саясатты қалыптастырудағы өсіп келе жатқан рөлін айғақтайды. ЮНИСЕФ Қазақстан Үкіметіне балаларға қатысты деректер жүйесін жетілдіру жолында одан әрі қолдау көрсете бермек.