Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды ресми түрде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған белгілі. Президент 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында цифрландыруды одан әрі дамыту, жасанды интеллекті барлық салаға жаппай енгізу және технологиялық жаңғыруды жеделдетудің стратегиялық маңыздылығын атап өткен болатын.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында «Жасанды интеллект: ғылым мен мемлекеттік саясатты дамытудағы рөлі» атты жоғары деңгейдегі халықаралық форум ұйымдастырды. Ғылыми маңызы жоғары халықаралық жиында жасанды интеллекті дамытуда басты өлшем технологияның жылдамдығы емес, оның адамға, қоғамға және мемлекетке қандай құндылықтар негізінде қызмет ететіні болуы керек деген ортақ ұстаным жария етілді. Форум қорытындысында қабылданған резолюцияда ЖИ ғылыми прогрестің, қоғамдық игіліктің және жауапты мемлекеттік басқарудың құралы ретінде дамуға тиіс екені атап көрсетілді. Форумға қатысушылар ЖИ-ді тек технологиялық жаңалық ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін айтты.
Форумды өткізу идеясының авторы ЕҰУ профессоры Ұлбосын Есенбекова жасанды интеллекті ғылымның бағытын ғана емес, мемлекеттік саясат пен экономиканың логикасын да өзгертіп жатқан өркениеттік құбылыс ретінде бағалады. Оның айтуынша, бүгінгі басты сұрақ ЖИ-дің қаншалықты қуатты болатынында емес, оның кімге және қандай құндылықтарға қызмет ететінінде. Ғалым өз сөзінде Абайдың «толық адам» ілімін жасанды интеллект дискурсімен байланыстырып, технологиялық дамудың түпкі өлшемі адамгершілік пен қоғамдық жауапкершілік болуы тиіс екенін атап өтті.

Халықаралық жиында Оңтүстік Калифорния университетінің Провост профессоры Генри Дженкинс ЖИ-дің шығармашылыққа, авторлық стильге және азаматтық қиялға әсерін талдап, оның бір мезетте әрі қауіп, әрі жаңа мәдени мүмкіндік екенін көрсетті.
Назарбаев Университетінің профессоры Омер Ф. Барыш жасанды интеллектің білім беру жүйесін, еңбек нарығын және мемлекеттік басқаруды өзгертетін күшке айналғанын айтып, жоғары білім жүйесі енді сыни ойлау, интерпретация және ЖИ қателерін тани білу қабілеттерін дамытуға басымдық беруі тиіс екенін атап өтті. Ол өзінің «The AI Correction: Why It will Fix the Labor Market Before It Breaks It» тақырыбындағы баяндамасында жасанды интеллектің еңбек нарығына ықпалын талқылап, технологиялық өзгерістердің күйретуші емес, түзетуші әлеуетіне назар аударды.
Ал Эмилиано Трере ЖИ туралы пікірталаста басты назар технологияның өзіне емес, оның қоғамға тигізетін нақты салдарына аударылуы керек екенін айтты. Оның пікірінше, жасанды интеллектке салынатын инвестициялар денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға, білім сапасын арттыруға және экологиялық тұрақтылықты сақтауға қызмет етуі тиіс. Әйтпесе технологиялық прогресс қоғамдық мүддеге емес, қысқамерзімді нарықтық логикаға жұмыс істеп кетуі мүмкін.
Қорытынды құжатта жасанды интеллект жаңа институционалдық ортаны қалыптастыратын, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыратын және ғылыми прогресті жеделдететін негізгі ресурстардың бірі ретінде бағаланды. Сонымен бірге Қазақстан жағдайында ЖИ-ді дамыту ғылымды, білім беруді, құқықты, мемлекеттік саясатты, цифрлық инфрақұрылымды және этикалық стандарттарды біріктіретін жүйелі тәсілді талап ететіні көрсетілді.

Назарбаев Университетінің профессоры Омер Ф. Барыш
Резолюцияның ең маңызды тұжырымдарының бірі – адамға бағдарланған тәсіл. Форум қатысушыларының пікірінше, технологиялар адамның саяси, құқықтық және моральдық жауапкершілігін алмастырмай, оның әлеуетін күшейтуге қызмет етуі керек. Осыған байланысты этика, адам құқықтарын қорғау, деректер қауіпсіздігі, кемсітушілікке әкелетін және айқын емес алгоритмдік шешімдерге жол бермеу ЖИ саласындағы саясаттың негізі ретінде белгіленді.
Құжатта Қазақстан үшін нақты басымдықтар да аталды. Атап айтқанда, елде жасанды интеллекттің ұлттық экожүйесін одан әрі дамыту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, ғылыми орталықтарды күшейту, ведомствоаралық үйлестіруді арттыру және жауапты AI governance тетіктерін орнықтыру қажеттігі айтылды. Әсіресе мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау, сот төрелігі, әлеуметтік қолдау, қауіпсіздік және аса маңызды инфрақұрылым салаларында тәуекелге бағдарланған тәсіл қолдану керектігі атап өтілді.
Форумда ЖИ-ді енгізу тек тиімділік мәселесі емес, қоғамдық сенім мәселесі екені де айтылды. Осыған байланысты мемлекеттік секторда алгоритмдік жүйелерді пайдалану тәуекелдерді міндетті бағалаумен, шешімдердің ашықтығымен, тәуелсіз сараптамамен, сезімтал салалардағы адами бақылаумен және алгоритм көмегімен қабылданған шешімдерге шағымдану мүмкіндігімен қатар жүруге тиіс деген ұсыныс білдірілді.

Ғылым мен академиялық қауымдастық үшін де бірқатар міндет айқындалды. Резолюцияда Қазақстан университеттері мен ғылыми мекемелеріне мемлекеттік саясатты, компьютерлік ғылымдарды, құқықты, әлеуметтік және гуманитарлық пәндерді тоғыстыратын пәнаралық зерттеулерді дамыту ұсынылды. Сонымен бірге AI governance бойынша тұрақты сараптамалық және зерттеу платформаларын құру, ЖИ-ді ғылыми қызметте пайдалануға қатысты академиялық адалдық стандарттарын әзірлеу, генеративті құралдарды қолданудың ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Форумның тағы бір өзекті қорытындысы – Қазақстан үшін ұлттық деректер корпустарын және тілдік-мәдени ерекшеліктерді ескеретін зияткерлік модельдерді дамыту стратегиялық бағыт болып қалатыны. Қатысушылардың пікірінше, бұл елдің ЖИ дәуіріндегі цифрлық егемендігін, мәдени сезімталдығын және қоғамдық сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Форумға қатысушылар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында жасанды интеллект, ғылым және мемлекеттік саясат мәселелері бойынша тұрақты халықаралық сараптамалық алаң қалыптастыруды қолдады. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық ұйымдармен, зерттеу орталықтарымен және университеттермен ЖИ қауіпсіздігі, этикасы, реттелуі және практикалық қолданылуы бағытындағы ынтымақтастығын кеңейту қажет екені айтылды.