Мектеп формасы қандай болу керек?

Оқу жылы да аяқталып келеді. Жаздық демалыс зымырап өтіп, тамыз айының қалай келіп жеткенін байқамай да қаламыз. Ата-аналар балаларын мектепке дайындап, қажеттерін сатып алып, әбігерге түсетін кезең. Солардың ішінде, көпшілігі мектеп формасына келгенде бас қатырары анық. Баланың таңдағаны әркезде талапқа сай келе бермейді. Сол себепті, ата-аналарға құлаққағыс ретінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен мектеп формасына деген талаптармен таныстырып өткенді жөн көрдік.

Жалпы Республика бойынша барлық мектептерге бірдей форма енгізу көзделмеген. Әр оқу мекемесі өзіне ғана тән мектеп формасын таңдай алады. Мектеп басшылығы форманы нақты бір өндірушіден алуды талап етуге немесе мектепте оқушы киімдерін сатуды ұйымдастыруға құқығы жоқ. Мектеп формасын жаңа оқу жылына енгізуді жоспарлайтын болса, онда бұл шешім ағымдағы оқу жылының 25 мамырына дейін жалпы мектептік жиналыста бекітілуі тиіс. Білім басқармалары ата-аналарға тек мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алуды ұсына алады. Ата-ананың міндеті-баланы оқу жылы басталғанға  дейін  бекітілген форма үлгісімен қамтамасызы ету.

Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден, яғни қара және қою көк түстерден таңдалады. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіліп, күнделікі, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.

Ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде. Қысқы мезгілде трикотаж жилет, водолазка. Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы қажет. Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жидеден құралады.

Қыздардың мектеп формасына: пиджак, жилет, юбка, шалбар, класси- калық жейде. Қысқы уақытта трикотаж жилет, сарафан, водолазка. Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген, ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы қажет. Қыздардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ түсті блузкадан құралады.

Мектеп формасының матасы ретінде сапасы жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылуы қажет.

Мектеп формасының түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айқындайды, жалпымемлекеттік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Міндетті мектеп формасы білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және оқушылардың арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған.

Ақбота ТЕМІРҒАЛИЕВА

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *