Шалқар ұлттық арнасы 1966 жылдың 1 қаңтарында ақпаратты-сазды Шалқар бағдарламасы атауымен алғаш эфирге шықты. 1998 жылы жұмысын уақытша тоқтатқанымен, 2002 жылы қайта ашылып, алғашында тек Алматы қаласына, кейіннен эфир уақыты ұлғайып, Республика аумағына хабар таратты.
Шалқар радиосы – республикадағы тек қана қазақ тілінде ұлт руханиятын ұлықтайтын жалғыз арна. Радио қазіргі кезде ел аумағының 64 пайызын қамтиды.
Шалқар ұлттық арнасының басты мақсаты – қазақ халқының рухани құндылықтарын насихаттау. Алғаш ашылғанда «Өнерім-өмірім», «Атадан қалған асыл сөз», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алтын тамыр» сынды бағдарламалар арқылы тыңдарман жүрегіне жол тапты.
Радиода әр жылдары белгілі журналистер: М.Жантикин, Е.Әбдіғаппаров, Т.Рсаев, У.Қыдырханов, Е.Қашқынов, К.Әбдімәуленов, К.Әмірбек, Ғ.Есенсариев, А.Еңсебайұлы, С. Тұрсынбаев, Т.Момбекұлы, Ғ.Игісін, Д.Исабеков, Г.Қабланова, А.Иманбаева, Л.Қапышевалар және талантты дикторлар: С.Жақанова, О.Қалмырзаев, Ұ.Бармашқызы жұмыс істеді.
Қазақ әдебиетінің сүбелі шығармаларын, ұлттық музыкасын, ғасырлар қойнауынан жеткен ғұламалар ғибратын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан арна «Шалқар таңы», «Шалқар шаңырағында, «Шалқар кеші көңілді», «Ән домбыра», «Алтын қор», «Әлқисса», «Сөз киесі», «Ағалардың алақаны», «Киелі Қазақстан», «Күй шашу», «Дәуір сазы», «Әдебиет әлемі», «Абай ұлағаты», «Дәстүр», «Жақсының жары» және «Бесігіңді түзе», «Қонақжай Алматы», «Ғылым кілті», «Сахна сыры» сынды т.б. хабарларын ұсынып келеді.
Шалқар радиосы ұлттық арна атына сай 2020 жылдың 1 қыркүйегінен басталған жаңа маусымнан тек қана қазақтың дәстүрлі музыкасы мен төл өнерін, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, бабалар мұрасы – қазақтың әні мен күйін, сағындырған ретро музыкасын, өткенімізден сыр шертетін «Алтын қордағы» асыл қазыналарын насихаттауға түбегейлі бет бұрды. Яғни, Шалқар радиосының контенті де, музыкасы да таза ұлттық бағытқа көшті. Эфирден берілетін музыкалары: тек дәстүрлі музыка, халық әндері, күй, жыр, толғаулар, оркестрде орындалған күйлер, термелер, күйлер мен ретро т. б. Ал арнайы эстрадалық музыкаға арналған бағдарламада ғана эстрадаға өңделген халық әндері мен қазақы сипаттағы эстрадалық әндер берілуде.