«ҰЛТ БАТЫРЛАРЫ» КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Алматы қаласында Қазақ Спорт және туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының ұйымдастыруымен спорт саласындағы «Жыл үздігі-2020» жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен «Ұлт батырлары» кітабының тұсаукесері өтті.
Қазақ Спорт және туризм академиясының бірінші проректоры Мұхтар Есқалиев өзінің құттықтау сөзімен кешті ашып, белгілі қаламгер, жазушы Пернебай Дүйсенбин мен «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиевтер бірігіп жазған «Ұлт батырлары» кітабының маңыздылығына тоқталды.


Жеңіл атлетикадан Кеңес одағының сегіз дүркін чемпионы, Еуропа кубогының иегері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы Әмин Тұяқов 1941-1945 жылдардағы отан соғысында ерекше ерлік көрсетіп, қазақтан шыққан Кеңес Одағының батырлары туралы жазылған «Ұлт батырлары» кітабының тұсаукесер рәсімін жасады. Аталған кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен Қылыш Өтетілеуұлының ұрпақтары кітап авторларына қазақтың дәстүрімен ат мінгізді. «Ұлт батырлары» кітабы белгілі кәсіпкер, меценат Айтқали Ізмақтың демеушілігімен мың дана таралыммен басылып шыққан.
Биылғы Жеңістің 75 жылдығына арнайы шығарылған «Ұлт батырлары» кітабының тұсаукесер салтанатына жазушы Пернебай Дүйсенбиннің шәкірті Шалқар радиосының директоры Болатбек Төлепберген қатысып, өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді. Қазақ ән өнерінің майталмандары Өктем Алтаев, Есет Сәдуақасов және Ардақ Исатаева әсем әннен шашу шашты.
Белгілі қаламгер, жазушы Пернебай Дүйсенбин бұл еңбекте көптеген жылдар бойы іздене отырып, анықтаған, қазақ ұлтынан шыққан 105 Кеңес одағы батырларының есімдерін, қысқаша өмірбаяндарын және түрлі-түсті фотосуреттерін алғаш рет жарыққа шығарып отыр.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *