«Шаңырақ» – өнерлілер ордасы

Кез келген қоғамға рухани азық берер – оның театры, өнері, əдебиеті жəне музыкасы. Шағын ғана ортаның өзін адамгершілік, тəлім-тəрбиемен сусындатып отыратын құралы болуға тиіс. Жап-жас студенттерден құралған «Шаңырақ» театры Еуразия ұлттық университетінің рухани байлығы, ең мықты тəрбие құралы десек артық айтпағанымыз болар.

«Шаңырақ» театры биыл өз ғұмырының жетінші жылына аяқ басты. Кішкентай баланың есі кіре бастайтын шағы да осы кезеңі емес пе еді? Бүгінде театрдың жеткен бірталай жетістіктері, университет өмірінде алатын өзіндік орны мен ерекшеліктері бар. Осы оқу жылының шымылдығын Бердібек Соқпақбаевтың  «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық» қойылымымен ашқан театр жастары қоржынын жаңа дүниелермен толықтырудан жалыққан емес. Осы күнге дейін бұл ұжым университет қабырғасында «Желсіз түнде жарық ай», «Бір түп алма ағашы», «Тіл табысқандар», «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық», «Адаспаңдар», «Мұңмен алысқан адам», «Үміт үзбе» секілді тəрбиелік мəні зор қойылымдарды сахналаған болатын. Сонымен қатар, ұжым болып еліміздің Петропавл, Қарағанды секілді бірнеше қалаларында сайыста болып қайтты.

«Шаңырақтың» құрамына қабылданғысы келетін студенттер үшін жыл сайын оқу жылының басында дəстүрлі түрде кастинг өтеді. Бойындағы талабы мен таланты үйлесімділік тауып іріктеуден өткен студенттер театр құрамына қабылдану арқылы оқу ордасының мəдени өміріне өз үлесін қосса, бір жағы, өзінің студенттік шағын жарқын естеліктерге  толтырады. Жəне əр жылы өткен кастингте 80-нен астам студент бақ сынаса, соның 20 шақтысы ғана өтеді. Осылай əр студент ұжым құрамына қабылданып оқуын бітіргенге дейін өзі қатарлы қыз-жігіттермен бір отбасындай тату-тəтті, ауызбіршілікте болсын деген ниетпен театрдың атауын «Шаңырақ» деп қойғаны бірден аңғарылса керек. Қазірде мұнда 70-ке жуық жас əртістер бар. Театр жетекшісі, университеттің жастар саясаты бөлімі жөніндегі бас маман Жамбыл Амангелдіұлы осы қыз-жігіттердің арасынан бəрінің басын біріктіруге қабілетті деген бірін директор етіп тағайындайды. Осы оқу жылынан бастап бұл тізгінді сəулет құрылыс факультетінің екінші курс студенті, дарынды əртіс Садықов Жансерік өз қолына алды.

Бұл ұжым шынында да өте ұйымшыл. Айтылған сөзге дəлел ретінде осымен сегізінші жыл қатарынан университет көлемінде өткелі отырған   «Қыз Жібек», «Ер жігіт» байқауларын ауыз толтырып айтсақ болады. Бұл байқаулар қай жылы болмасын «Шаңырақтың» тікелей қатысуынсыз өткен емес. Театр тек қойылым сахналап қана қоймай, университеттің басқа да іс-шараларына белсенді түрде атсалысып отыратынын байқаймыз.

Театр осы кезге дейін талай дарынға қанат байлап, өз ұясынан ұшырды. Шоу-бизнес əлемінің талас-тартысынан көз ашпайтын заманда театр көрген баланың жаман болмасы айдан анық. Театр бұл – өнер, театр бұл – өмір. Өнер арқылы жастарды өмірге баулу – «Шаңырақ» театрының басты мақсаты.

         

                                                                                      Айжан Алхабек

                                                                        Журналистика жəне саясаттану

                                                                   факультетінің студенті

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *