TOEFL мен IELTS арасындағы айырмашылық

Ағылшын тілін қаншалықты меңгергеніңізді сынап көргіңіз келсе, қазіргі кезде халықаралық деңгейде мойындалған бірнеше емтихан бар. Солардың арасындағы ең танымалы – IELTS (International English Language Testing System, ағылшын тілін тестілеудің халықаралық жүйесі) және TOEFL (Test Of English as a Foreign Language, ағылшын тілін шет тілі ретінде тестілеу).

IELTS пен TOEFL сынды сынақтарды көбінесе шет елге оқуға түсетіндер мен ағылшын тілді елдерге барып тұрақты түрде тұруды жоспарлап жүрген адамдар қажет етеді. Сондай-ақ, осындай құжат иегері еліміздің жоғары оқу орындарының магистратурасы, докторантурасы немесе резидентурасына түскісі келіп, сертификаттағы баллы талап етілген деңгейге сай болса, шет тілінен тапсырылатын міндетті емтиханнан босатылып, шет тілінен ең жоғары ұпай алады.

Қандай айырмашылығы бар?

Негізінен, форматы бойынша TOEFL мен IELTS арасында түбегейлі айырмашылық жоқ – оқу, жазу, сөйлеу, тыңдау. Өзгешелігі тек тілдің қолданылу аясы, мақсаттары мен бағалау жүйесінде. IELTS бағдарламасын британдық Кембридж Университеті (University of Cambridge), ал TOEFL Нью-Джерсиде (АҚШ) орналасқан ETS компаниясы жүргізеді.

IELTS емтиханының екі түрі бар – жалпы  және академиялық. Егер сізге тілдік емтихан иммиграция үшін қажет болып жатса, IELTS general version (IELTS жалпы нұсқасы) деп аталатын түрін қарастырыңыз. Емтиханның бұл нұсқасы академиялық IELTS немесе TOEFL тапсырғаннан әлдеқайда жеңілірек.

IELTS тестінің екі нұсқасының да, TOEFL емтиханының да жарамдық мерзімі екі жыл. Уақыты біткен кезде қайта тапсыруға болады. Емтихан нәтижесін қолға алған кезде, ұпайыңызға қанағаттанбасаңыз, апелляцияға беруге немесе қайта тапсыруға рұқсат етілген. Емтихан тапсыру санына шектеу жоқ. Тек ақысын төлесеңіз болғаны. Осы мақала жазылған күні IELTS тапсырудың ең арзаны Астана мен Алматыда 50 мың, ал ең қымбаты Ақтауда 79 мың теңге болып тұр. Әр аймақта әр-түрлі баға. Шет ел валютасының құны өскен сайны, емтихан тапсыру да қымбаттай түсуде. TOEFL iBT бағасы interpress.kz сайтының мәліміті бойынша 160 АҚШ доллары.

IELTS емтиханы тыңдау, оқу, жазу және сөйлеу бөлімдерінен тұрады. Емтихан уақыты мөлшермен – 2 сағат 45 минут. TOEFL шамамен 4 сағатқа созылады, арасында 10 минуттық үзіліс бар. Емтиханда оқу, жазу, сөйлеу аралас.

Қайсысы жеңілірек?

Өзіңізге ыңғайлы тесті анықтау үшін мына жайттарға мән бергеніңіз абзал:

Сөйлеу (Speaking)

IELTS сөйлеу дағдыларын тестілеу емтихан алушымен 12-14 минуттық сұхбаттасу ретінде өтеді (TOEFL сияқты компьютерде орындалмайды). Алдымен жалпылама қысқаша сұрақтар қойылады, содан кейін арнайы карточкадағы сұраққа толық жауап бересіз, соңында сол сұрақ немесе соған ұқсас тақырып бойынша толық әңгімелесу жүргізіледі.

TOEFL сөйлеу сынағы компьютер арқылы өтеді. Емтиханда қысқа мәтін/сөйлесу негізінде әр-түрлі 6 сұрақ қойылады. Сұрақтардың әрқайсысына 45-60 секунд ішінде жауап беруіңіз керек. Жауаптар компьютерге жазылып, емтиханнан кейін бағалау орталығына жіберіледі. Ауызша бөлім 20 минутқа созылады.

Тыңдау (Listening)

TOEFL тыңдау бөлімі мен IELTS тыңдауы арасында да біршама айырмашылық бар. TOEFL таңдаған адам америкалық сөйлеу мәнеріне кез келетін болса, IELTS негізінен британдық, сондай-ақ канада мен австралиялық үлгіде сөйлей білуіңізді тексереді.

IELTS аудио сұрақтары бірыңғай түрде емес, әрі тапсырмаларының ұзақтығы да әртүрлі. Ең негізгі айырмашылығы – сұрақтарға TOEFL емтиханындағыдай мәтінді тыңдап болғаннан кейін емес, тыңду үстінде жауап беру керек. Яғни, Listening бөлімінің барлық сұрақтарын тыңдау кезінде көріп, жауап беріп отырасыз.

TOEFL емтиханында тыңдау 40-60 минутқа созылады, ал аудио материалдар көбінесе университет дәрістерінің немесе кампустағы әңгімелердің үзінділерінен құралады. Сіздің міндетіңіз – тыңдау кезінде керек сөздерді жазып алып, артынша бірнеше жауабы бар сұрақтарға (multiple choice) жауап беру. Яғни, алғашында – тыңдау, содан кейін – жауап беру.

Оқу (Reading)

IELTS – берілген 3 мәтінді оқып, 60 минутта жауап беру қажет. Мәтіндер негізінен ғылыми тақырыпта. Дегенмен де, сұрақтары әртүрлі (қалтырылып кеткен сөзді табу, мәтіннің абзацтарына тақырыптар таңдау, қажет болған жағдайда мәтіннің абзацтарын рет-ретімен орналастыру).

TOEFL – 3-5 мәтін оқып, сұрақтарына жауап беру керек (әрқайсысы 20 минуттан). Тапсырмалар IELTS емтиханындағы мәтіндер тәрізді ғылыми тақырыпта. Сұрақтары бірнеше жауабы бар multiple choice түрінде болады.

Жазу (Writing)

IELTS Writing бөлімінде де 2 жазбаша тапсырма болады. Біріншісі – 250 сөз қысқаша эссе жазу; екіншісі – диаграмма, график немесе схема түрінде ұсынылған ақпаратты талдау (150 сөз). IELTS емтиханында ойыңызды қағазға қаламмен немесе қарындашпен түсіресіз.

TOEFL – екі жазбаша тапсырмадан тұрады, екеуі де компьютерде терілуі керек. Бірінші тапсырма ретінде 5 параграф, 300-350 сөз эссе жазасыз. Екінші тапсырмада сол тақырып бойынша мәтін оқып, лекция тыңдайсыз. Содан кейін жазбаларыңызды пайдаланып, мәтін мен лекцияға салыстырмалы талдау жазуыңыз қажет (150-225 сөз). Бұл сынақта керек жерлерді жазып алып отыру дағдысы аса  пайдалы.

Бағалау

IELTS оқу, жазу, тыңдау, сөйлеу бөлімдері бойынша 1-ден 9-ға дейін ұпай береді. Ең жоғары балл – 9. Орташа балл барлық төрт бөлім нәтижесі бойынша есептеледі. Алған баллдың барлығы сертификатта көрсетіледі.

TOEFL төрт бөлім бойынша 1-ден 30-ға дейін және жалпы нәтижесіне 1-120 дейін ұпай береді.

Қайсысын тапсырған дұрыс?

Баратын шет ел оқу орны қай сертификатты талап ететіндігін алдын-ала анықтап алыңыз. Мысалы, АҚШ, Түркия университеттері көбінесе TOEFL, ал Ұлыбритания, Канада, Австралия IELTS талап етіп жатады. Дегенмен де, Еуропа, Азия елдерінің көптеген оқу орындары IELTS, TOEFL немесе CAE (Certificate in advanced English), CPE (Certificate of Proficiency in English) тәрізді басқа да халықаралық дәрежеде мойындалған балама емтихандарды қабылдауы мүмкін.

Speaking бөлімінде компьютермен сөйлескіңіз келсе – TOEFL, ал емтихан алушының өзімен сұхбаттаспақ болсаңыз – IELTS тапсырыңыз.

Тіл білуіңіз Intermediate/B1 деңгейінен төмен болып, аз балл қажет десеңіз – IELTS таңдаңыз. Өйткені, TOEFL сынағында орташа деңгейлі материалдар өте сирек кездеседі.

Компьютерде тез тере аласыз – TOEFL, қағаз-қаламды жөн санасаңыз – IELTS.

Сізге американ ағылшын тілінің лексикасы таныс, әрі сөз тіркестері мен идиомаларын қолданып сөз саптаған жеңілірек болса – әрине TOEFL, ал британ ағылшыны жақын болса – IELTS.

Нұржан Жеңіс

 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *