Тіл саясаты комитетінің төрағасы: ТІЛ ҮЙРЕТЕТІН 12 ҚОСЫМШАНЫ УИКИПЕДИЯДАН ТАБАСЫЗДАР

Заманына қарай амалы демекші, бүгінгі күні не керектің бәрін интернеттен іздеу қалыпты нәрсеге айналды. Алайда іздегеніңнің бәрі ғаламтордан табыла бермейді. Неге? Өйткені бізде цифрландырылған энциклопедиялық дерекқор аз. Ал дерекқорды көптің күшімен күнделікті толықтырып отыру әлемдік үрдіс.

Біздің елдегі мұндай энциклопедиялық дерекқор «Уикипедия». «Уикипедия» – көп тілді, ғаламторға негізделген, тегін және ашық мазмұнды энциклопедиялық жоба. Уикипедия сөзі «уики» (көп адамдар бірлесіп жасайтын интернет парақшасы) және «энциклопедия» деген екі сөздің қосылуынан пайда болған.

2001 жылы жұмысын бастаған бұл сайтта 280-нен астам тілде 58 761 713 мақала жарияланған. Бүгінде қазақ тіліндегі мақалалардың саны 231 431-ге жетті.

Қазақша «Уикипедия» мақалалар саны жағынан 43-орында, өңдеу саны жағынан 67-орында тұр.

Бұл көптің күшімен атқарылатын жұмыс болғандықтан әрі қазақтілді аудиторияның сұранысын қанағаттандыру үшін басты ақпарат көзіне айналып отырған Уикипедияны қазақша ақпаратпен толықтыруға мүкіндігінше көп адамды тартудың маңызы зор.

Бұл бағытта Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Уикипедияға 13 мақала, атап айтқанда Комитеттің тапсырысымен әзірлеген ІТ жобалар туралы ақпарат орналастырды. Бұл мақалаларды орналастыру үшін де Уикипедиядағы 612 мақала өңделгенін атап өткен жөн.

Енді Тіл комитетінің тіл үйретуге бағытталған 12 электрондық өнімі туралы ақпарат Уикипедияда қолжетімді. Атап айтқанда қазақ тілін өздігімен үйренушілерге арналған «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Abai.institute» сайттары, тілдік сауаттылықты арттыруға бағытталған «Тermincom.kz», «Emle.kz», «Sozdikqor.kz», «Qazcorpora.kz» сайттары, барлық сала құжаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген «Qujat.kz» және ономастикалық «Atau.kz» базасы, еліміздегі латын графикасына көшу үдерісін сүйемелдейтін «Qazlatyn.kz» (портал және конвертер) ұлттық порталы, тіл саласына қатысты өзекті ақпараттар орналастарылған «Tilalemi.kz» сайттары.

Мәселен «Qazcorpora.kz» сайты 2021 жылдың желтоқсан айында іске қосылып, корпус базасына 2 млн. сөзқолданыс енгізілді. Жалпы бұл сайт мемлекеттік тапсырма аясында «Қазақ тілінің ұлттық корпусының публицистикалық кіші корпусын әзірлеу» жобасы негізінде дайындалған болатын. Биыл корпус көлемін 10 млн.сөзқолданысқа жеткізу, 2025 жылы 40 млн.сөзқолданысқа жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген, сондай-ақ Әл-Фараби ұлттық университеті, Назарбаев университеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты әзірлеген корпустарды «Qazcorpora.kz» порталына жинақтап, орналастыру жоспарлануда.

Қазақ тілінің өміршеңдігі көп қолданылатын тілдер сияқты заманауи цифрландыру үрдісіне батыл араласып, өз орнын алуына да көп байланысты. Бұл орайда, Уикипедиядаға енгізіліп отырған Тіл комитетінің сайттары мен порталдарын, мобильдік қосымшаларын телефоныңызға жүктеп алсаңыз, қазақ тілін өздігімен үйренуде, тілдік сауаттылығыңызды арттыруда, сала құжаттарының қазақша үлгісімен қатесіз толтыруда үлкен мүмкіндікке ие боласыз.

Ә. Қаба

ҚР БҒМ Тіл саясаты комитетінің төрағасы

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *