Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2020 жылғы 3 желтоқсанда Орфографиялық, Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жұмыс топтарының бірлескен онлайн отырысын өткізді.
Шараның басты мақсаты жетілдірілген әліпби әріптерінің пернетақтада орналасу тәртібіне, қазақ ұлттық пернетақтасының лингвостатистикалық негіздеріне қатысты мәселелерді талқылап, бекітуге ұсынылатын пернетақта нұсқасын таңдау еді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов өзінің кіріспе сөзінде аталмыш шараның Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылдың 9 қарашасында берген тапсырмасына орай ұйымдастырылып отырғанына тоқталды.
«Жетілдірілген әліпби әріптерінің пернетақтада орналасу тәртібін нақтылау қажет, сондай-ақ қазақ ұлттық пернетақтасының жобасын жасауда әріптер мен буындардың қолданылу жиілігіне қатысты лингвостатистикалық мәселелерді осындай бірлескен отырыста талқылап отыру өте маңызды», – деді ол.
Бұдан кейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Айман Жаңабекова – «Қазақ ұлттық пернетақтасының лингвостатистикалық негіздері», Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, IT маманы Рымбек Ізғали – «Жетілдірілген қазақ әліпбиін пернетақтада орналастыру мәселелері» тақырыптары бойынша баяндама жасады.
Бірлескен басқосу барысында жетілдірілген әліпбиге арналған пернетақта жобаларына байланысты әртүрлі пікір-ұсыныстар айтылды. Бұл мәселе Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша құрылған төрт жұмыс тобының алдағы бірлескен отырысында жалғасын табатын болады.
Онлайн жиынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек жүргізді.