Халықаралық симпозиумде пандемиядан кейінгі тұрақты қалпына келтіру ісінде мемлекеттік институттар мүмкіндіктері талқыланды

Әлемнің 70 елінен қатысушылар Covid-19 пандемиясынан кейін тиімді институттарды ілгерілетіп, тыныс тіршілікті қайта қалпына келтіру бойынша сынақтар мен алынған сабақтар төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісті. Онлайн форматта өткен симпозиум  Тұрақты Даму Мақсаттарын (ТДМ) іске асыру және тұрақты қайта қалпына келтіру ісінде тиімді, инклюзивті және есеп беретін мемлекеттік мекемелер мен цифрлық үкіметті трансформациялау мәселелеріне арналды.

Іс-шараның ашылу салтанатында БҰҰ Бас хатшысының Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Лю Чжэньминь, Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрі Чин Ен, Корея Республикасының Инчхон қаласының мэрі Намчун Пак жылы лебіздерін білдірді. Ал арнайы баяндамашылар ретінде БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы Пан Ги Мун мен Бангладеш Халық Республикасының Мемлекеттік және қоғамдық басқару министрі Фархад Хоссейн шақырылды.

Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов симпозиумда жасаған баяндамасында: «Қазіргі кезде мекемелердің тұрақтылығын нығайту – жұмыстың шешуші бағытына айналғанын» айта отырып, «VUCA әлеміндегі сынақтарға жауап беру үшін үкіметтерге қажетті сипаттамалардан өзге, пандемия жаңа ахуалды қалыптастырып, мемлекеттік органдардың шешуші  рөлін тағы бір мәрте айғақтады», – деді. Ол, сондай-ақ, пандемия жағдайында психологиялық аспектінің маңыздылығын да атап өтті. «Қазір ең алдымен жұмыс ортасына назар салудың маңыздылығы арта түсті. Сондықтан, технологиялармен қатар, мемлекеттік басқару жүйесіндегі көшбасшылық пен кадр саясатына көңіл бөлген жөн», – деді Байменов.

Спикерлер пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарын тежеу және соған қатысты үйлесімді шаралар қабылдауда есеп беретін және инклюзивті институттар маңыздылығына тоқталды. Олар, сонымен бірге, дағдарыс кезеңінде бизнестің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, қажетті мемлекеттік қызметтерді ұсыну үшін инновациялар мен цифрлық шешімдердің айрықша рөлін атап өтті. Баяндамашылардың айтуынша, көшбасшылық, аймақтық ынтымақтастық және цифрлық экономика – тұрақтылықты нығайтуда және пандемия салдарынан туындаған іркілістерді жоюда негізгі элементтер.

Симпозиум мемелкетті коргандар мен халықаралық ұйымдар тарапынан қызығушылық тудырып, әлемнің 70 елінен 450-ден астам ғалым, практик, сарапшылар басын қосты.

Симпозиум БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің (UN DESA) Мемлекеттік мекемелер және цифрлық үкімет бөлімі (DPIDG) оның Басқару мәселелері жөніндегі жобалық бюро (UNPOG) арқылы Корея Республикасы Үкіметінің ішкі істер және қауіпсіздік министрлігімен (MOIS) бірлесе  ұйымдастырылды.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *