Мемлекеттік қызмет қашықтықтан жұмыс жасауда

Коронавирус пандемиясына байланысты карантинді енгізу ақпараттық технологияларды қолдануды жеделдетіп, осы саладағы жаңа мүмкіндіктер мен проблемаларды көрсетті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Астана мемлекеттік қызмет хабы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бірлесіп ұйымдастырған “Мемлекеттік қызметшілердің қашықтықтан жұмысы” атты халықаралық конференция осы мәселелерді талқылады.

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы орынбасары Дархан Жазықбаев қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.

Алихан Байменов өз сөзінде: “пандемия қысқа мерзімді құбылыс болуы мүмкін, бірақ оның әсері – сөзсіз ұзақ мерзімдік”, – екенін атап өтті. “Барлық елдерде мемлекеттік басқару үлкен сынақтан өтуде. Бұл кезеңде азаматтар барлық қажетті қызметтерді толық көлемде ала алатындығына және мемлекет салық төлеушілер қаражатын тиімді жұмсайды деп күтуге құқылы. Сонымен қатар, шешімдерді жедел қабылдау барысында ашықтық пен есеп берушілік қағидатын сақтау маңызды” – деп сөзін жалғастырды.

Дархан Жазықбаев, “Карантиннің енгізілуіне байланысты шаралардың бірі – мемлекеттік органдардың қашықтықтан жұмыс істеу форматына көшуі болды” -деді. “Оның нәтижесі қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің 70%-ы қашықтықтан жұмыс істеуде”, – дей отырып, алыстан жұмыс жасауды ұйымдастыруда тәжірибе алмасу мен оны талқылау маңыздылығын атап өтті.

Грузия Мемлекеттік қызмет бюросы Талдау департаменті басшысы Ирина Агапишвили, Әзірбайжан Мемлекеттік емтихан орталығы төрағасының орынбасары Бахрам Халилов өз елдерінде мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс жасауды енгізу тәжірибесімен бөлісті. Олар мемлекеттік қызметшілерді қашықтықтан жұмыс жасауға көшіру үшін алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізу мен қажетті құзыреттерді дамыту қажеттілігін атап өтті.

“Tonys Imported Marble and Tile” (Массачусетс штаты, АҚШ) компаниясының директоры Глен Зигмунтович АҚШ-тағы қашықтықтан жұмыс жасауға көшу тәжірибесімен бөлісті. СЅІ компаниясының Бас әріптесі Олжас Хұдайбергенов төтенше жағдай кезіндегі мемлекеттік аппараттың тиімділігі туралы өз көзқарасын білдірді.

Конференцияда карантин кезіндегі Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің қашықтықтан жұмыс жасау тәжірибесі туралы сауалнама нәтижелері таныстырылды. Сауалнама респонденттердің жартысынан астамы қашықтықтан жұмыс түріне көшуді оң бағалайтынын, бірақ ұйымдастырушылық және техникалық проблемалардың бар екендігін көрсетті. Респонденттердің 31%-ы техникалық ақаулар жиі болатынын, 19%-ы Интернет сапасының өте төмен екенін атап өтті.

Конференцияға Қазақстанның орталық және жергілікті атқарушы орган өкілдері де қатысты.

Астана мемлекеттік қызмет хабы мемлекеттік органдардың әлеуетін нығайту және қазіргі жағдайда олардың қызмет тиімділігін арттыру құралдарын іздестіру бойынша жұмысты жалғастыруда.

Facebook әлеуметтік желісіндегі Астана мемлекеттік қызмет хабының ресми бетінде конференияның бейнежазбасы қолжетімді: https://www.facebook.com/hubastana/videos/1503204873193198/?vh=e&d=n

Астана мемлекеттік қызмет хабы:

Хаб миссиясы – қатысушы елдер үкіметтері мемлекеттік қызметтінің институционалдық және адами әлеуетін нығайтуда күш-жігерін қолдау арқылы мемлекеттік қызмет тиімділігін арттыруға қолдау көрсету.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен БҰҰ Даму Бағдарламасы бастамасымен құрылған Астана мемлекеттік қызмет хабы бүгінгі таңда 42 қатысушы ел мен 55 институционалдық серіктестерді қамтиды. Хаб – икемді күн тәртібі қатысушы елдер қажеттіліктеріне жауап беретін, мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе мен білім алмасу бойынша институционалдық платформа.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *