Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері органдарының 20 жылдығы қарсаңында өткен байқау биыл екінші рет өткізіліп отыр. Оған еліміздің әр өңірінен үміткерлер қатысты.
«Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауына Маңғыстау өңірінен 4 үміткер қатысқан болатын. Олар – Аманғали Нұрдәулетов, Рамир Алекперов, Бауыржан Тұяқов және Ренат Шамуханов.
Айта кету керек, бұған дейін өткен өңірлік комиссия отырысында белгілі болғандай байқауға қатысуға 27 үміткер ниет білдірген. Оның 16 басқарма мен бөлім басшылары болса, 11 – бас мамандар.
Байқау мемлекеттік қызметті насихаттау, оң имиджін қалыптастыру, мәртебесін артыру және отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған.
Еліміз бойынша 20 қатысушы жеңімпаз деп танылса, оның екеуі маңғыстаулықтар. Олар – Бауыржан Тұяқов және Рамир Алекберов.
32 жастағы шенеунік Бауыржан Тұяқов 2012 жылдың қараша айынан «Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымын атқарып келеді. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. Биыл ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Ұлыбританияның Ноттингем университетінде оқып, «мемлекеттік саясат» магистрі атағын алған. Мемлекеттік қызметтегі өтілі 9 жылға жуықтаған. Қазақ, орыс, ағылшын және итальян тілдерінде еркін сөйлейді.
Екінші жеңімпаз Рамир Алекперов 27 жаста. Мемлекеттік қызметте жүргеніне 5 жылға жуықтапты. 2012 жылдың қарашасында «Маңғыстау облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жұмысқа тұрып, бүгінде бюджеттің атқарылуын үйлестіру және мониторинг бөлімінің басшысы лауазымын атқарып келеді. Ақтаудағы «Yessenov University» жоғары оқу орнында заңгер мамандығы бойынша білім алған. Орыс, ағылшын, лезгин және әзірбайжан тілдерін жетік меңгерген.
Республикалық байқаудың жеңімпаздарын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова қабылдап, өзінің құттықтау тілегін жеткізді.
«Бұл байқауға өткен жылы Маңғыстаудан бірде-бір мемлекеттік қызметші қатыспаған еді. Ал биыл қызығушылық танытқандар көп болды. Меніңше бұл үрдіс келесі жылы да жалғасып, жерлестеріміз әлі де жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне сенімдімін. Мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жастар Бауыржан мен Рамир ағаларынан үлгі алып, осындай жеңістерімен қуантып, республикалық деңгейде талай жеңімпаз шығары сөзсіз. Жалпы бұрынғыға қарағанда мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтың артқанын байқауға болады, бұл әрине қуантарлық жағдай», – деді департамент басшысы.
Ал республикалық байқаудың жеңімпаздары болса, өз ісіне адал әрі күнделікті қызметінде өзінің функционалдық міндеттеріне жауапкершілікпен қараған адам оң нәтижеге қол жеткізері сөзсіз дейді. Ең бастысы мемлекеттік қызмет дегеніміз халыққа қызмет, еліңе деген қызмет екендігін жадынан шығармау тиіс екендігін айтады Бауыржан мен Рамир.
Департаменттің баспасөз қызметі