Маңғыстауда тәртіптік кеңес мүшелері екі шенеунікке жаза қолдану туралы ұсыным берді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтіп, екі шенеунікке қатысты қаралған істердің қорытындысы бойынша тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыным берілді.

Атап айтқанда, «Ақтау қалалық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Кенған Ақтаудағы екінші деңгейлі банктің бірін 8 ай бойы әуре сарсаңға түсірген. Яғни кепілде тұрған жер учаскесінің рәсімделуіне жағдай жасамағаны былай тұрсын, банктің мүддесін қорғағысы келген өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан жолданған өтініш хаттарының орындалуына және жауап хаттардың дер кезінде жеткізілуіне жауапсыздық танытқан.

Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктің жер мәселесіне қатысты өтініші бойынша қанағаттандыру туралы жергілікті атқарушы органның шешімі (қаулы) заңда көрсетілген мерзім ішінде жолданбаған. Осылайша өз міндетіне салғырттықпен қараған шенеуніктің ісі Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына түсіп, шенеунік Е.Кенғанға «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Ақтау қаласының әкімі Ғ.Ниязовтың атына ұсыным жолданды.

«Мемлекеттік қызметші заңда көрсетілген шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуі тиіс болатын және қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалану керек болатын. Алайда көріп отырғанымыздай, кейбір талаптар сақтамаған», – дейді Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова.

Осы тектес тәртіптік жаза «Қарақия аудандық экономика және қаржы бөлімі» ММ басшысы А.Әбдіхалықоваға қатысты, яғни «ескерту» түріндегі жаза қолдану жөнінде ұсыным аудан әкімінің атына жолданды.

Тәртіптік отырыс кезінде белгілі болғандай, Қарақия ауданы елді мекендерге жұмыс істеу мен тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін айқындау бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған.

Кейбір құжаттар 14 жұмыс күнге дейін кешіктірілсе, қаржылай көмек алушылар тізімінен тыс қалып, көмек тағайындау кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген. Осылайша шенеунік ҚР мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарының бұзылуына жол берді деген қорытынды жасалған.

Кеңес отырысында барлық көрсетілген кемшіліктер өзінің дәлелін тауып, Ақтау қаласы және Қарақия ауданы әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыным енгізілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша

департаментінің баспасөз қызметі

Тел: 8 (7292) 30-30-48.

E-mail: stopcorruptionmng@gmail.com

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *