Көктем. Мамыр. Бейбітшілік

Жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану  факультеті деканының орынбасары Болатова Гүлжауhар Жамбылқызы ұйымдастыруымен «Көк тудың желбірегені» атты мерекелік іс шара өтті.

Көңілге көктем шуағындай сезім мен нұр құйған 1 мамыр –  Қазақстан халқының  бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне арналған мерекелік концертте факультет өнерпаз жастарымен  қатар, Мақсұт Нәрікбаев атындағы университінен келген талантты жас ару  Әбіш Ұлпан мен Астана қаласындағы Қазақстан халықаралық лингвистикалық колледжінен  Құмарбекұлы Мұхамеджан арнайы ән шашуымен жиналған көпшіліктің көңілінен шықты.

Күмбірлеген күй шертіліп, әсем ән шырқалып, оқу ордамыздың «Самұрық» би ансамблінің мың бұралған бишілері қазақ биімен көрермендерінің көңілін баураған кеш мерекелік тілектермен де астасып отырды.  Факультет ұжымын  мамыр мейрамдарымен құттықтаған Журналистика және саясаттану  факультеті деканының орынбасарлары Болатова Гүлжауhар Жамбылқызы, Байғожина Дана Өмірбекқызы, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Дүйсенғазин Серікзат Мақсұтұлы, Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі Шурентаев Амангелді Мейрамұлы да өз кезегінде шараға қатысушыларды келіп жеткен мерекелермен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатты.

Көктемнің шуақты күндеріндегі мерекелермен тұспа-тұс келген  Журналистика және саясаттану  факультетінің келе жатқан туған күні,  университетіміздің туған күні құтты болсын!- дей келе,  баршаңызға қонар бақтың баяндысын, бітер дәулеттің көл-көсірлігін, келер ырыстың ысырап болмауын, жүрек гүлінің мәңгі солмауын, шаңырақтарыңызға шаттық орнауын, Тәңірдің шексіз қолдауын тілейміз!

Әсем Жанатова

Журналистика және саясаттану факультетінің

1-курс студенті, “Көзқарас” клубының мүшесі

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *