Ұлбосын Есенбекова: «Біріккен Ұлт жеңеді!» – Қазақ елінің жаңару жолын әлемге насихаттайтын байқау

Қазақ Елінің жаңа дәуірдегі жаңару жолын, жетістіктерін насихаттау мақсатында және Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің берілуіне орай Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ұйымдастырылған «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты халықаралық байқаудың Гран-при жүлдесі Түркияның Ақ теңіз жағалауына жол тартты. Анталиядағы Ақ-теңіз университетінің студенті Жанайым Қуандықтың «Мен саған ораламын, Туған Жер!» видео ролигі ең үздік деп таңдалды.

«Біріккен Ұлт жеңеді!» атты халықаралық байқауды өткізу идеясының авторы және жетекшісі, белгілі тележурналист әрі ғалым, профессор Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекованың айтуынша, байқауға 100-ден аса жұмыс келіп түскен.

Халықаралық байқаудың жылдан жылға мәртебесі мен дәрежесі, ауқымы өсіп келе жатқанын марапаттау рәсімінде Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Серік Мақыш та атап айтты. АҚШ, Ұлыбритания, Австралия мен Араб Әмірлігінен келген видео материалдар Қазақ елін насихаттауда жаңашыл көзқарастар ұсынған.

Халықаралық байқаудың жетекшісі Ұлбосын Есенбекова алғашқы байқау Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылғанын еске салды.

Екінші байқау Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жыл толуына және Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына арнайы өткізілген.

Биылғы III халықаралық байқаудың шарты бойынша қатысушылар әлемдік саясаттағы өзгерістерге, жаңару тенденцияларына, тәуелсіздік пен ұлтымыздың рухани, мәдени мұрасын, бейбіт өмір мен келісім тақырыптарына арналған бейне материалдар ұсынған. 100-ден астам студенттік жұмыстар отандық университеттерден басқа 11 шетелдік оқу орындарынан жолданған. Олардың ішінде АҚШ, Ұлыбританиядан, Біріккен Араб Әмірлігі мен Австралиядан, Жапония мен Ресей, Оңтүстік Корея және басқа да елдер бар.

«Біріккен Ұлт жеңеді!» байқаудың өзіне артылған абыройлы міндетін жоғары дәрежеде атқарып келетінін салтанатты рәсімге қатысқан Мәжіліс депутаты Мақсат Толыбай, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ және басқа да ғалым, журналист мамандар айтуда.

Халықаралық байқаудың жеңімпаздары Гран-При мен I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Тақырыптық номинациялар бойынша ерекше мазмұнда, жаңашыл форматта дайындалған жұмыстарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталады.

Марапаттау рәсіміне қатысқан Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы, Республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин, «Elorda Aqparat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, белгілі өнер жұлдызы Олжас Сыдықбек жеңімпаздарды құттықтап, шеберлік шыңына жетулерін тілектерін білдірді.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *