Күнделікті шаш үлгісін қалай жасауға болады?

Күнделікті өмірде жұмысқа, оқуға асыққан кезде шашымызды қалыпқа келтіруге уақыт таба алмай жататын кездеріміз болады. Осыны ескере отырып, назарларыңызға бар болғаны 5 минут уақытыңызды алатын, әдемі әрі тез жасалатын 3 түрлі шаш үлгісін ұсынамыз.

Алғашқы шаш үлгісіне 2 резеңке,  арнайы шашқа арналған түйрегіштер  мен қыстырғыш, тарақ қажет. Ең алдымен,  шаштың жоғарғы бөлігін қыстырғышпен қыстырып, қалған шашты буып қоямыз. Кейіннен, үстіңгі бөлігін де буу қажет. Астыңғы буылған шаштың жартысын алып, төменнен жоғары қарай қыстырғышпен бекітеміз. Содан соң, артық шығып тұрған шаштардың орнын ретке келтіру қажет болады. Ол үшін арнайы түйрегіштерді қолдану қажет. Түйрегіштер шаштан түсіп қалмауы үшін, оны қарапайым шашқа арналған лакпен сеуіп жіберсе болғаны. Бұл шаш үлгісі шаштары жұқа қыздарға арналған. Қыстырғыштардың арқасында шашыңыз көлемді көрінеді.

Дәл осы шаш үлгісінің негізінде екінші шаш үлгісін жасауға болады. Ол үшін бар болғаны жоғарғы шаштың буған жерін сәл төмен түсіріп, ортасын ашып, шашты жоғары қарай өткізесіз. Дәл осы әрекетті астыңғы буылған шашпен қайталау қажет. Сондай-ақ шашыңыздың түбіне тарақтың көмегімен көлем беріп, екі буынды бір-біріне орап, түйесіз. Соңында шығып тұрған шаштарды ретке келтіріп, түйрегіштермен бекіту қажет.

Ал, үшінші шаш үлгісі шаштарын жайып жүруді ұнататын қыздарға арналады. Алдымен, шаштың үстіңгі бөлігін тарақпен тарап, буып аламыз. Шаш бууға арналған зат көрінбеу үшін, жайылып тұрған шаштың бір бөлігін буылған шаштың ортасынан айқастыра өткіземіз. Шашымызды қолмен ретке келтіргеннен кейін, айқастырылған шашты түйрегішпен бекітеміз. Дәл осы іс-әрекетті келесі жаққа қайталаймыз. Ең бастысы, шаш бумасы мүлдем көрінбеуі қажет.

Сіздерге ұсынған үш түрлі шаш үлгісінің әрқайсысын жасауға небәрі 5 минут қана қажет. Кеңесіміз кәдеңізге жарасын.

Индира Жұмагелді

 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *