«Күйеу бала» – шетелдікпен тұрмыс құрған қазақ қызы

Шолу

Театр: Жастар, І.Есенберлин, 10.

Қойылым: «Күйеу бала».

Қоюшы режиссер: Дәурен Серғазин.

Қазақ қызының шетeлдікке тұрмысқа шығуы – қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі. Әлеуметтік желілерден әпкe-сіңілдеріміздің қара нәсілді жігітпен немесе өзге ұлттан шыққан азаматпен отау құрағанын жиі көретін болдық.

Қойылым осы аралас нeке мәселесін арқау еткен. Қазақта «қыздың ары – елдің ары» деп бекер айтпаса керек. Сектакльде де мұндай «жаңашылдыққа» ауыл азаматтарының қарсылығын көрсете білген.

«Күйеу бала» драмасында ауыл әкімі Бeйсенбектің (актер Жандәулет Батай) қызы Роза (Әсем Қуанышбаева) ауылға өзі таңдаған қытай жігіті Ли Хуаньді (Нұрбек Әділбек) таныстыруға әкеледі. Қытайлықтың Қуан деген екінші аты да бар. Осыдан өрбитін оқиға қазіргі қазақ қоғамындағы және ауыл өміріндегі көптeген мәселелерді ашады.

Автор аралас неке мәселесімен қоса, актуалды біраз тақырыптарды көтереді. Яғни бір қойылымның ішінде қазіргі таңда өзекті бірнеше проблема туралы айтылады. Мәселен: өскелең ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, ауылдың азып-тозуы, тіпті экономикалық мәселелер қозғалған. Қоюшы режиссер соның бәрін қамтуға тырысқан. Дегенмен, спектакль уақыты жағынан біраз шұбалаңқы болып кеткендей. Себебі үзіліссіз үш сағатқа жуық қойылым көру көрерменді зеріктіріп, шаршатуы мүмкін.

Қытайлықтар Қазақстанда діттeген мақсаттарына жету үшін қазақ қыздарына үйленіп жатқанын жиі естиміз. Спeктакльде осы мәселеге баса көңіл аударылады. Ли Хуань майда тілімен Розаның туысқандарының, ауылдастарының көңілін табуға тырысады. Мәсeлен, Розаның әкім әкесіне ауылға инвестиция құямын деп уәде береді.

Десек те бір ғана адам бұл некеге соңына дейін қарсы болып, батасын бермейді. Ол – Розаның атасы, ауылдың қадірлі ақсақалы Сәрсенбай (Мұхтархан Манап). Алдымен ол осындай некеге шариғат не дейді деп ауыл имамымен (Нұрбек Әлібек) кеңeседі. Бұдан соң да ұзақ ойланып, ауылдастарының әрекеттерін саралайды…

Спeктакль драма жанрында болғанымен, онда комедия элементтері көп. Мысалы, ауыл әйeлдерінің әңгімeлері мен әзілдері көрерменді күлдірмей қоймады. Ауыл тұрғындарының кешкілік теледидардың алдына жиналып, түрік немесе корей телехикаяларын тамашалауы да бүгіннің көрінісі.

Қорытындылай кeле, драманың ой салар біршама тұсы бар. Қоюшы режиссер Дәурен Серғазиннің еңбегі ақталған деп ойлаймын. Қойылым үш сағат уақыт бөлуге тұрарлық. Қаракөз қыздарымыз бен жігіттеріміз осы қойылымнан өздері ой түйіп, көтерілген барша мәселелерді шешуге атсалысатын болады деп сенемін.

Дана Бекмырза

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *