Қазақстанда жылдан-жылға мемлекеттің де, қоғамның да ғылымға көзқарасы жақсарып, қолдауы күшейіп келеді. Бұл пікірді Қазақстанның үздік оқытушысы төсбелгісінің иегері, тележурналист, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры Ұлбосын Есенбекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздегі ғалымдардың ең үздіктерін анықтап, оларға жоғары құрмет көрсету – мемлекет саясатының жарқын көрінісі. Биылғы Жоғары оқу орнының Үздік оқытушысы байқауы тұңғыш рет ақпараттық жүйе көмегімен өткізілді. Бұл байқаудың әділ, объективті өтуіне ықпал етті. Ғалымдардың ғылыми еңбектерін бағалау критерийлері жаңартылды, басымдықтар дұрыс анықталды», – деді Ұ. Есенбекова ҚР Білім және ғылым министрлігінде өткен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» марапат рәсімінде. Оның айтуынша, жылдан-жылға мемлекеттің де, қоғамның да ғылымға деген көзқарасы жақсарып, қолдауы күшейіп келеді. Ғалымдар қауымдастығы бұндай саясатты жақсы сезінуде.
«Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, квант компьютер сияқты құбылыстарды қазақ ғалымдары зерттеп, болжап, нақты ұсыныстар дайындағаны дұрыс деп ойлаймын. Осы бағыттағы ғылыми зерттеулерге ерекше көңіл бөлінуі – уақыт талабы екені анық. Бүгінгі Үздік оқытушы сияқты байқаулар ғалымдардың шабытын серпілтіп, жаңа зерттеулер туғызады деп сенемін», – дейді профессор. Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігінде 2020 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын алған ғалымдарды марапаттау рәсімі өтті. Үздік оқытушы атағын алған ғалымдарға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сертификаттар мен төсбелгілер тапсырды. Елімізде 150 ұстаз «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленді.