ЕҰУ магистранттары диссертацияларын қорғап шықты

5 маусым күні университетіміздің журналистика және саясаттану факультеті, қоғаммен байланыс мамандығының магистранттары магистрлік диссертацияларын қорғауы өтті. Бұл күні магистратура студенттері теория мен практиканы ұштастырған 2 жылдың қорытындысын жасады десек те болады.

Магистратурада оқу ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызмет саласында білім мен тәжірибе ала отырып, студентті неғұрлым тереңдетіп даярлауға бағытталған. Ол сондай-ақ ғалымның болашақ мансабының негізі болып табылады, тар бейінді және аналитикалық құзыреттерді дамытып, магистр дәрежесін береді.

Бұл күн қалай өтті, диссертация жазу барысын, тәжірибесін, сонымен қатар болашақ мамандарға беретін кеңестерін білу мақсатында магистратураның 2023 түлектері – Тәжібек Гүлбану Әшірбекқызы және Қалбай Әлия Бахтиярқызымен тілдескен болатынмын.

Ғылыми педагогикалық бағыттағы магистратурадағы оқу 2 жылды қамтиды. Гүлбану Әшірбекқызының айтуынша, 2 жылда көптеген білікті мамандардан білім алды. 1 курста теорияны нақтылап, толтырып алса, 2 курс педагогикалық практика, яғни бакалавриат студенттеріне сабақ берумен өтті, бұл ол үшін үлкен мәртебе. Яғни, теория мен практиканы ұштастырған керемет 2 жыл болды десе де болады. Ал, бакалавриатты PR саласына жақын «журналистика» мамандығы бойынша бітірген Әлия Бахтиярқызы үшін ізденістің ізіне түскен 2 жыл болды. Себебі, осы уақытта ғылыми орта ғылыми орта көріп, оқулықтар оқыды, тағылымдамадан өтті. Ең бастысы, бір-біріне ең жақын саналатын екі сала бойынша кәсіби маман атанды.

PR мамандығы жан жақты, яғни көптеген салалармен – үкімет, БАҚ, бизнес, тіпті коммерциялық емес сектор болсын, байланыстыруға болатын бірден бір мамандық. Сол себепті, диссертация атаулары ішінде, БАҚ, үкімет, бизнес және тағы сондай сияқты сөздер естісеңіздер, таң қалмаңыз. Әлия Бахтиярқызы «Үкіметтік емес ұйымдардың ПР стратегиялары: ерекшеліктері мен ұқсастықтары» тақырыбында диссертация қорғады. Оның айтуынша, магистратураға түскенде әлеуметтің әлеуметтік мәселелері, азаматтардың білім алуы, шетелде біліктілігін арттыруы және жетімдер мен қарттардың жай-күйінің БАҚ-тағы көрінісін зерттегісі келді. Атаулы мәселелерді шешуде БАҚ пен PR-дың ықпалын айтып жату артық болар. Ғылыми жетекшісімен бірге үкіметтік емес ұйымдардың миссиясы, міндеті, жетістіктері мен кемшіліктері, қолданатын негізгі PR технологияларын 2 жыл тереңінен талдады. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ұ.М. Есенбекова ғылыми зерттеу жұмысы кезінде шетелдік конференцияларға қатысумен қатар отандық және шетелдік жинақтарда мақала жариялауға ықпал етті. Осы ретте Әлия Бахтиярқызы жетекшісіне тақырып тиісті дәрежеде талданып, талапқа сай орындалуын үнемі тексеріп отырғаны үшін алғыс айтады. Ғибратты ғалым мен жас зерттеуші ретінде бірлесіп атқарған жұмысы төраға, профессорлар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Түлектермен тілдесе келе диссертация жазу барысында қиыншылықтар болмады емес, болды деген ойға келдім. Диплом және диссертация жазғандар бірауыздан айтатын бір мәселе ол – қазақ тіліндегң оқулықтардың, ақпараттардың аздығы, порталдардағы материалдардың басым бөлігінің қайталануы.

Қазақ тілінде ғылыми айналымға енді-енді екпінмен еніп келе жатқан қоғаммен байланыс саласы туралы қазақ тілінде әдістемелік құрал, оқулық санын көбейтуіміз керек. Ақпаратты табудың өзі біршама уақыт алады, ал оны жинақтау, өңдеу, жазуға кітапханадағы сағаттар жеткіліксіз болды, – дейді Әлия Бахтиярқызы

Сұхбатымызды қорытындылай келе, түлектеріміз болашақ медиа саласындағы мамандарға келесідей кеңестер берді: Теорияны кез келген уақытта оқи аласыз. Әрі әлем күн емес сағат сайын жаңарып, өзгеріп жатыр. Қазіргі уақытта дайын асқа тіка қасық деген жүрмейді, сол үшін практикаға көп мән беріңіздер. Сала мамандарының қасында жүруден бастасаңыз да жаман емес. Журналист пен PR маманын тек практика өсіреді, ортаға қосады, үйретеді, кемшілігін көрсетеді, қысқаша айтқанда нағыз мектеп тек практика кезінде болады. Практика жауапты болуды үйретеді. Жауапты болу бір бөлек, журналист үшін бастысы сауатты болу шарт. Күніне кем дегенде бір рет газет оқып шықсаңыз да нәтиже көп күттірмейді. Еңбек, тек еңбектің арқасында ғана үлкен нәтижеге жетуге болады. Жаңаға, жақсыға жақын болыңыздар деп тілек білдіреміз.

Тәжібек Гүлбану Әшірбекқызы, Қалбай Әлия Бахтиярқызы

 

Сұхбаттасқан: Досова Айша 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *