Дені саудың жаны сау

«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты»

                                                                    Артур Шопенгауэр

Денсаулық – біздің жалғыз ғана асыл дүниеміз. Денсаулықты ақшаға сата да алмаймыз, сатып та ала алмаймыз. Өйткені, ақша байлық емес, ең басты байлық-денсаулық.  Денсаулығымызды сақтамасақ, күтпесек, оны құртып алуымыз мүмкін. Ал ауырып ем іздегеннен гөрі, ауырмайтын жол іздеу жеңілірек болары айтпасақ та түсінікті.

Денсаулықты сақтау үшін пайдалы, адам өміріне зиянын тигізбейтін тағамдарды тұтыну, спортпен шұғылдану қажет, жақсы ұйқы, таза ауамен демалған да өте пайдалы. Адамдар ауырып қалса, дәрігерге бармай, өз беттерімен емделеді. Бұл дұрыс емес. Себебі біз ауырып тұрған жерімізді емдеп, басқа ағзаға зиян келтіруіміз мүмкін. Сол себептен ауырып қалған жағдайда дәрігерге барып, дұрыстап тексеріліп, жазып берген дәрісін ішкен жөн.

Денсаулыққа өте қатты зиянын тигізетін ішімдік, шылым және т.б. сол сияқты зиянды заттар жетерлік. Бұндай заттарды мүлде пайдаланбау керек. Майлы, газдалған, қуырылған тағамдарды, жартылай дайын өнімдерді, қантты аз мөлшерде тұтынған жөн. Олардың орнына сүттен, балықтан, еттен жасалған табиғи әрі пайдалы өнімдерді, жеміс-жидекті, көкеністі көптеп жеген дұрыс.

«Дені саудың жаны сау» деген ата-бабаларымыз. Әрбір адам күніне шамамен сегіз сағат ұйықтауы керек. Сонда адам күні бойы көңілді, сергек болып жүреді. Спортпен шұғылдану,  жеке бас тазалығын да ұмытпаған жөн. Спортпен шұғылдансаң, денең ширақ болады, өз-өзіңді  сергек, жеңіл сезінесің. Ал бұндай көңіл-күйдің адам денсаулыңы үшін маңызы аз емес. Жеке бас тазалығына келер болсақ, таза жүрген адам көптеген жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупінен ада болады. Халқымыз «Тазалық – саулық негізі» деп бекер айтпаса керек.

Денсаулық екіге бөлінеді: 1-шісі физикалық денсаулық, 2-шісі психикалық денсаулық. Психикалық денсаулық– адамның көңіл-күйі. Айналадағы болып жатқан өзгерістер адамның көңіл-күйіне әсер етеді. Адамдардың саған деген көзқарасы, көпшіліктің арасында өзіңді қалай сезінуің сенің жан саулығыңа әсер етеді.

Шыны керек, экология мәселесінен де адам денсаулығына тиер зиян көп. Ауаның ластануы, радиациялық әсер бұның барлығы біздің өміріміз үшін қауіпті. Адамдардың мезгілсіз қайтыс болу себептері ең алдымен қолайсыз табиғи және әлеуметтік факторлар болып табылады. Ауру мен өлімнің қоршаған орта жағдайларына тәуелділігі жекелеген мемлекеттер мен аймақтар мысалынан көре аламыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні,  деннің сау болуы да, болмауы да әркімнің өзіне байланысты. Әр адамның денсаулығы өз қолында!

Аманбаева Әйгерім

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *