Мен және Абай әлемі

Абай – кез келген алаш баласының өмірінің жан азығы. Рухани нәр алатын таусылмас бұлағы. Бүкіл қазақ жұрты, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін хәкім Абайды жақсы білсе, ал Абай арқылы қазақ елін төрткүл дүние танитыны хақ. Абай туралы сөз айту, не болмаса ой-толғау бір жағынан оңай да, екінші жағынан өте қиын. Абайды оқуға кімнің болса да ынтасы зор және одан әркім өзінше нәр алып, оны өзінше қабылдайды. Абай кімнің болса да жүрегіне еніп, оған өшпес із қалдырады. Абай туралы әркiмнiң өз түсiнiгi бар, сондықтан әркiмнiң өз Абайы бар. Абай әлемi – бiр тұтас дүние. Ол – бүкiл әлем болмысын қамтиды, сондықтан Абай шығармаларынан бүкiл әлемнiң сырын түсiнiп, керемет құпиясын көре аламыз. Абай туралы ой айтудың, не болмаса сөз жазудың қиындығы осында жатыр деп ойлаймын.

«Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні»,- деп айтқан Мұхаң, менің ойымша осы дүниелерді қозғағысы келген болатын: Абай лебі – оның халқына жасаған жақсылығы, Абай үні – оның қалдырған мол мұрасы, Абай тынысы – оның күллі ғұмырына темірқазық болған мақсат-мұраты, сонымен қатар ұлт мүддесіне қызмет еткен өмірі деп ойлаймын. Абайдың тұңғиық ойларының тереңіне үнілу, күллі өмірінің бағдаршамы ету – қазақ халқының мәңгілік мәселесі.

Абайдың өмірлік асыл мұраты – елді түзету, ұлтты тәрбиелеу еді. Абай адам баласының рухани кемелденуі туралы Батыс және Шығыс философиясын толық зертегеннен кейін өзінің «Толық адам ілімін» қалыптастырды. Абай өзінің бүкіл болмысын, ой қуаты мен ақындық күшін адам бойындағы кісілік пен адамгершілікті, білім мен парасатты, әділеттік пен қайратты, ел қамын, бүкіл адамзат қамын ойлайтын кемел тұлға «толық адамды» тәрбиелеу жолына жұмсады. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» сынды күллі рухани кеселдерден аулақ болуға шақырды. Өзінің өлеңдері мен қарасөздерінде жеңіл күлкі мен мақсатсыз өмір сүруден бой тартуға үйретті. Хәкім Абай үшін адамды жаратқан Алла болғандықтан «Адамды сүю, Алланың хикметін сезіну» оның адамдығын анықтамақ. Міне, осы тұрғыдан келгенде Абайдың педагогикалық ілімі қай заман, қай елдің де ұрпақ тәрбиелеу ісін басшылыққа алып, тәжірибесіне енгізуі қажет ескірмейтін ілім.

Абай он жеті жыл болыс болған, бірақ кейін барлығынан бас тартады.

Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.

«Түбінде баянды еңбек егін салған», – деп Абай сол кездегі қазақты отырықшылыққа шақырған. Абай он жеті жыл ел басқарып, кейін болыстықтан бас тартады, егерде Абай болыстықтан бас тартпағанда онда Абайдан өлшеусіз мол мұра қалмас еді, яғни Абай «би болған, болыс болған өнер емес»,- деп дұрыс айтып отыр. Осы өмірде атақ алғанша, би болғанша халқына, жұртына пайдан тисін дейді, ал енді Абайдың азаматтық позициясына келетін болсақ, Абай атамыз:

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін, – дейді.

Абай атамыз зұлымдыққа ұшыраған адамға көмектес дегені. Ал «харекет қыл» дегені, көпке пайдалы іс жаса дейді. Неге ол «харекет қыл пайдасы көпке тисін» деді? Себебі Құдайға жағу үшін көпті сүю керек. Сөздің төресі осы жерде жатыр…

Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайдың 175 жылдығын той-томалаққа, науқаншылдыққа айналдырмай, Абайды өзімізге жақындату түсу керек екенін айтқанда мен қатты ойландым, өткені қазақ үшін Абай – ананың жатырындай, туған ауылының қазығындай. Қытайлар өз идеологиясының діңгегі Конфуций дейтін болса, біз де Абайды дәл солай қадірлеуіміз керек. Жүрегіннің түбіне сүңгіп барып ақиқатты білу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Көкейімізде жүрген сұрақтардың жауабы Абайдың қара сөздері мен поэзиясында тұр.

Қорыта айтқанда, Абай қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама тұлға ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының ел болуына еңбек еткен ғажайып тұлға. Абайдан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ. Сондықтан Абай біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Алаш үшін Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауы тиіс.

Жалғас Ысқақ

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *