Вице-министрлерге мемлекеттік басқару цифрлық трансформациясы бойынша оқыту тренингі басталды

Қазақстанның вице-министрлері мен мемлекеттік органдары департаменттері басшылары Эстониядағы Электрондық басқару академиясы (eGA) әзірлеген мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы бойынша бес апталық оқыту тренингіне қатысуда.

Тренинг барысында халықаралық сарапшылар цифрландырудың соңғы әлемдік тенденциялар, Эстония, Ұлыбритания, Дания және Сингапурдағы озық тәжірибелер және бизнес модельдермен таныстырады. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтер реинжинирингі тиімді әдістерін талдап, мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы жаңа мүмкіндіктерін айқындайды.

Оқыту тренингі ашылуында Эстония Экономика және коммуникация министрі Таави Аас өз сөзінде «пандемия  көптеген елдерге шектеулер мен кедергілерді еңсеруге көмектесетін, үкіметтің тиімділігін қамтамасыз ететін құралдардың бірі заманауи технологиялар мен электронды үкімет екенін анықтап, көрсеткендігін» айтты. Сондай-ақ, ол жеке деректерді қорғаудың барлық қағидаттарын сақтай отырып, әртүрлі мемлекеттік органдар арасындағы қауіпсіз ақпарат алмасуды қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Өз кезегінде Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов «көптеген үкіметтердің күн тәртібінде жалпы экономикада да, мемлекеттік басқаруда да цифрландыру мәселесі тұр» деп атап өтті. Ол сондай-ақ «цифрлы үкіметті дамытуда азаматтар басты назарда болуы тиіс. Озық технологияларды кез-келген асыра пайдаланушылықты жоққа шығаратын ашық шешім қабылдауда, сол арқылы азматтардың құқығы мен бостандығын сақтауға кепілдік беруде пайдалану маңызды», – деді. «Осының барлығы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетіп, мемлекеттік қызметтер ыңғайлылығын, қарапайымдылығы мен қол жетімділігін қамтамасыз етуі тиіс.Түптеп келгенде, бұлар әлеуметтік құндылық әрі маңызды әкімшілік капитал – азаматтар сенімін арттыруға бағытталған», – деді Алихан Байменов.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин бүгінгі таңда технологияларды енгізу құрылымдық реформаларды жүзеге асырудың тиімді құралы екендігін айтты. Цифрлық трансформация ұғымы технологияны қолдану ауқымынан асады, өйткені мемлекеттік аппарат пен жеке сектор трансформацияланады, сәйкесінше технологияларды ескере отырып, қызметтің жаңа тәсілдері мен әдістері әзірленеді – деді ол.

Эстония электрондық басқару академиясының Басқарма төрағасы Ханнес Асток Астана мемлекеттік қызмет хаб аясында Қазақстан мен Эстонияның электрондық үкіметті дамыту және цифрландыру тәжірибесі аймақ елдеріне таратылғанын атап өтті.

Оқу кезеңінде тыңдаушылар мемлекеттік органдар үшін бірыңғай ақпараттық технологиялар архитектурасын дамыту, цифрлық үкіметтің заңнамалық базасын оңтайландыру, киберқауіпсіздік пен саясатты жоспарлау, жобаларды басқарудың икемді әдістерін қолдану және электрондық демократия жағдайында шешім қабылдау мәселелерін талдап, зерделейді.

Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен «DigitEL» ұлттық жобасының негізгі бағыттарын талқылауға ерекше назар аударылады. Оқу бағдарламасына 8 онлайн сессия және бірқатар бейне сабақтардан тұрады.

Оқыту тренингі Астана мемлекеттік қызмет хабы «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі», Эстония электрондық басқару академиясымен бірлесіп және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *