Өмір біреу. Тағдыр түрлі. Біреулер тойып секіріп жүрсе, біреулер тоңып секіріп жүр. Біреудің басына бар бақ пен байлықты жомартсынып үйіп-төгіп бере салса, ал кейбіреулерге соның титтей де болсын бөлшегі тимей тағдыр тәлкекке салып, тауқыметке түсірген. Көп адамардың көзі мына беткі жылтырақ әлемді көріп үйреніп қалғандықтан да болар, жүректері қатып мұзға айналған. Ал ол жүректен өзгені жылытар жылу табудың өзі қиынға соғады. «Біздің қоғам азып бара жатыр, батыстың мәдениетіне көзсіз еліктеп батпанымыздан балшығына батып барамыз» -деп құлақтың түбінен күніге түспейтін жаттанды сөзді еш айтқым келмеп еді. Бірақ, бұл шындық. «Біз ұлы халықпыз. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз» -деп кеуде соғып, көкірек көтереміз. Бірақ, жетім мен жесірімізді қойғанда асыл қазыналы қарттарымыз барар жері, басар тауы қалмай қарттар үйінен пана тапқан. Жұмақ анамыздың табанының астында екенін естіп, біліп жүрсек те сол ақ шашты, ақ жаулықты анамыздың қадіріне жетіп, қасиетіне терең бойлай алмағанымыз өкінішті. Бүгінгі нарық пен экономиканың, технология мен ғылымның ғарыштап дамыған заманында адам санасының төменге құлдилай түскені ме?!… Аузындағысын жырып беріп, төбесінен құс ұшырмай бағып-қағып, өсірген ұл-қыздардың әлі кетіп, әжімі басып, самайы ағарған тұста бір әке, бір шешесін қамқорлығына алуға шамасы жетпегені несі?… Әлде, Шариғат бойынша ата-ананың разылығы – Алланың разылығы, ата-ананың ашу-ызасы – Алланың қаһарына тең екенін түйсіне алмай жатыр ма екен?!.. Білмеймін, сан түрлі адам болса, сан түрлі пікір де бар. Біреу менің ойыммен келісер, біреуі келіспес.
Қысқасы, өткен аптада қарттар үйіне жолым түсті. Мақсатым көпке жария салып мақтан ету емес, теңізге тамған тамшыдай болса да, қарттарымыздың жүдеу көңілін көтеріп, жүздеріне күлкі сыйлау еді. Шыны керек онда кімдердің, қандай тағдырлардың күтіп отырғанын табалдырықтан аттағанша білмедім. Кірерде қобалжыған кеудемдегі жұдырықтай жүрек, шыққанда тілім-тілім болып, ашынып шықтым, мына менің жалған бір күндік әлемімнен түңіліп шықтым. Неге екенін білесіз бе? Әрине, қарттардың қорғансыз халін көру кім-кімге де болсын оңай соқпайтыны анық. Біз барғанда қарттар үйінің өз дәстүрі бойынша әр айдағы туған күн иелерін біріктіріп атап өтіп жатыр екен. Жүрегі жомарт, қолы ашық әлдебір кондитерлік фабриканың басшылары келіп кең, мол дастархан жайыпты. Құр қол бармай, аздаған сыйлықтарымыз бен өнерлерімізді арқалай барғанымыз мұндай жақсы болар ма?!… Жүрегіміз сыздап, ауырып тұрса да бір сәтке болсын мерекелік көңіл күй сыйлауға қолымыздан келгенінше тырысып бақтық. Ондағы қызметкерлердің айтуынша қарттарға барлық жағдай жасалған, күніне бес уақыт тамақтандырады, дәрігерлік көмек қажет болса дәл қастарында, не керек үкімет тарапынан үлкен назар аударылып, көңіл бөлініп отыр. Бір ғана қарттар үйінде 700-ге тарта әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жандар орналасқан. Оның 30 пайыздан астамы өзіміздің қазақтар екен. Ал енді қарап көріңіз, «төріңнен қарт кетпесін» деп бата беретін біздің қазаққа не күн туып жүр.
Басында үйренісе алмай кейіннен қарттармен ашылып әңгімелесіп, емен-жарқын сырласып, қол ұстасып билесіп, қосылып ән шырқап, соңында қимастықпен көз жасына ұласқан адал ниетпен қоштастық. Қарттарды бөлмесіне жеткізіп жүріп бір байқағаным, олардың бөлмесі де біздің студенттік жатақхананың бөлмелеріне сырттай ұқсайды екен. Бірақ, екеуінің арасы жер мен көктей. Біздің бөлмелерде асқақ армандар бар, болашаққа деген үкілі үміттер бар. Ал қарттарда өкініш бар, қайғы мен қасірет бар. Біздің бөлмеде де, оларда да «сағыныш» бар. Бірақ, біз сағынған жандарымызбен қауышатынымызды білеміз, ал ол кісілер ұзақ жылдар бойы терезеден көз алмай күтіп-күтіп ақыры бір жола күдерін үзгендер. Біздің бөлмеде ине шаншыр бос орын табу қиын, үйілген тау мая кітаптар, керекті заттар, ал ол бөлмеде тек бір төсек, бір үстел мен бір орындық. Біз студенттер үйінен кетіп үлкен өмірге, шынайы өмірге қадам басатынымызды білеміз, ал ол кісілер қарттар үйінен тек келмес ана дүниеге кетер уақытын күтіп: «қашан жаңа өмір бастайды екем» деп өз ажалын сарыла күтіп жатыр. Бір кем дүние…
Көктем ҚАРҚЫН
ЕҰУ студенті