Кофе өндіретін аң

Қазіргі таңда адамдар арасында сұранысқа ие кофе түрлері көп. Оны кофе ағашынан өндіреді. Барлық дамушы мемлекеттердің халқы кофе іріктемелерін таңдап, талғап ішеді.  Әлемдегі ең қымбат «Kopi Luwak» атты кофе іріктемесі кофе ағашының жемісімен қоректенетін азиаттық пальмалық циветтаның асқазанында қорытылып шығады. Осы бір таңғажайып аң туралы не білеміз?

Пальмалық циветта виверралықтар түрінің өкілі, оның туыстары мангусттар, фосстар және генетталар. Пальмалық циветтаның олардан айырмашылығы ол әлдеқайда тыныш, қолға тез үйретіледі және адамға өзінше қызмет көрсетеді.

Барлық виверралықтар сияқты пальмалық циветталар сусарлар мен мысықтарға ұқсас келеді. Олардың сырт бейнесінің түсі қоңыр мен сұр түс аралықтарында өзгеріп отырады, ал құйрықтары қара жолақты болып келеді. Сонымен қатар, ұзын әрі мықты. Бұл оның көбіне ағаш бастарында өмір сүретіндігінен. Кейбір жағдайларда бұл аңдарды адамдар қолға үйретіп үйде де ұстайды, олардың айтуынша бұл аң мысықтан кем түспейді.

Азиаттық пальмалық циветтаны кей кездері «Мусанга» деп те атап жатады, оның тек қана Сулавеси аралында тіршілік ететін түрін аборигендер «Лувак» деп атайды екен.

Бұл лувак деген атаудың әлемдегі ең қымбат кофе түрі Kopi Luwak атымен ұқсас келуі кездейсоқтық емес. Циветта осы кофе түрін өндіруге белсенді түрде қатысады. Лувактың қарын сөлі бірегей, оның көмегімен ол кофе дәндерін өңдейді. Әрине ол үшін лувак дәндерді жұтып, кейін қайтару керек. Бұл үдеріс табиғи жолмен жүреді. Циветта кофенің қызыл дәндерімен қоректенеді. Циветта дәндердің тек сыртқы қабықшасын қорытады, ал дәндер сол қалпында қалады. Дәндер оның ас қорыту жолымен жүріп өтіп оның құрамындағы ерекше фермент цибетинмен араласқаннан кейін ерекше иіс пен дәмге ие болады. Адамдар циветтаның саңғырығын жинап алған соң тазалап жуып, күн сәулесіне кептіреді. Оның өзіне ғана тән бірегей дәмі мен иісін бұзбау үшін сәл ғана отқа қуырады.

Бұл кофенің дәмін татуға бел байлағандар оның өзгеше жаңғақ пен бал аралас дәмі жайлы айтады. Бұл кофе іріктемесінің ең басты ерекшелігі онда басқа кофелерге тән ащы дәмнің болмауы. Мұндай бірегей кофе іріктемесінің  дүние жүзінде аналогі жоқ. Вьетнамда осыған ұқсас кофе түрін өңдіреді, бірақ онда үрдіс барысында тышқанның бір түрі пайдаланылады.

Лувактың осындай ерекше қасиеті үшін адамдар оны шаруа қожалықтарында белсенді түрде  өсірумен айналысады. Австралиядағы бір кішкентай кафе Лувак кофесінің бір шынысын 50 австралиялық доллорға сатады (шамамен 13 мың теңге). Аптасына бұл кафеде төрт шыныдан артық сатылмайды. Лондондағы кейбір кафелер Лувак кофесі мен басқа әдеттегі кофе іріктемесінің қоспасын – Papo кофесінің бір шынысын 50 фунтқа сатада (шамамен 23 мың теңге). Лувак әлемдегі ең қымбат кофе. Дегенмен, қымбат кофе әлемдегі ең жақсысы деген сөз емес. Талғамда талас жоқ. Кейбір адамдарға бұл кофе мүлде ұнамайды.

Көктем ҚАРҚЫН

ЕҰУ студенті

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *