Аяқ-киімге қаншалықты күтім жасаймыз?

Әркім аяқ киімінің ұзақ кие  бергенін қалайды. Ол үшін күтімге аса назар аудару қажет. Кей кезде ол үшін шығындалатынымыз да бар. Бірақ, аяқ киімді үй жағдайында да жаңа қалпында сақтауға болады. Көпшілік білетін тәсілден өзге әдіс білу үшін «Аймақ Тау» сауда орталығына бардық. Аяқ киімнің іші-сыртымен таныс сатушыларға жолығуды жөн көрдік. Олармен тілдесе келе мынадай ой түйдік.

  •  Су болған былғары аяқ-киімді газет немесе соданың көмегімен кептіруге болады. Ол үшін суреті аз қағазды умаждап аяқ-киімнің ішіне тығыздап салу қажет. Алайда оны бірнеше сағат сайын ауыстырды ұмытпаңыз. Бұл ең тиімді әрі жылдам тәсіл болып табылады. Кепкен соң ғана майлауға болады. Жылтырап тұрғанын қаласаныз лимонмен сүртіңіз.

 

 

 

 

 

 

 

  • Әдетте замш аталған аяқ киімнің қазақша баламасы күдері екен. Иә, сыртқы көрінісі әдемі болғанымен күтімді ең көп талап ететін материал осы. Ол су, жылу немесе басқа да факторлар нәтижесінде өз қалпын жоғалтып жатады. Ондай жағдайда бу көмектесе алады. Оны қарапайым үтіктің көмегімен іске асыра аласыз. Аяқ киімге үтекті тигізбей, бумен тазаласаңыз, күдеріні жаңартуға жетіп жатыр. Ал ыстық сумен күдері аяқ киімнің дағын кетіруге болады. Ағарған жерлерін спиртке батырылған мақтамен, кейін өшіргішпен сүрту қажет.

  • Лакталған аяқ-киім қыс мезгіліне жарамайды. Суықтан шытынап, ұсақ торлар пайда болады. Егер ондай жағдайға тап болсаңыз, сүтке батырылған мақтамен, ішінде пиязбен сүрту қажет. Ал негізінде лакталған аяқ-киімді вазелинмен майлауға, жылтыратуға болады.
  • Аяқ-киімдегі жағымсыз иісті сірке суы арқылы кетіруге болады. Мақтаны сірке суымен дымқылдатып, аяқ-киімнің ішін сүрту қажет. Ізінше далаға шығарып, біраз уақыт таза ауада ұстаған жөн.

Иә, күтімнің түрі көп қой. Біз тек ең негізгісіне тоқталып өттік. Байқасаңыз, барлығы үй жағдайында жасалады. Бірі білсе, бірі біле бермейтіні анық. Дүкен сөрелерінде тұратын щетка мен майға ақша үнемдеп, бір уақыт үйдегі бар затты пайдаға асыра аласыз. Біздің де мақсатымыз осы еді.

P/S: Барынша білгенімен бөліскен саудагер ағам суретке түсуді қаламады,. Әйтсе де, аяқ-киім тауарларын суретке түсіруге рұқсат берді.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Журналистика мамандығы

2-курс студенті

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *