«Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде оқыту» мәселесі талқыланды

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай 2022 жылғы 28 сәуірде Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалының «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» бөлімінің ұйымдастыруымен  «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде оқыту» тақырыбында вебинар өтті. Шараға балабақша тәрбиешілері, бастауыш сынып мұғалімдері, оқытушылар мен ғалымдар қатысты.

Вебинарда Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ «Білім беру бағдарламалары» орталығының қызметкерлері баяндама жасап, ұлт ұстазының әдістемесін қазіргі тәжірибеде қолдану мәселесін талқылады. Жанат Қажығалиева А.Байтұрсынұлының ұстаздық еткен мектептер картасын ұсынып, ұлттық педагогика мен оқу-ағарту жөніндегі қазір де өзектілігін жоймаған құнды тұжырымдары туралы баяндады. Гүлфар Мамырбек ұлт ұстазының қазақ баласын оқыту әдістемесін жүйелеудегі еңбегіне тоқталып, А.Байтұрсынұлының қалыптастырып кеткен әдіс-тәсілдері туралы айтты. Қаламқас Байтенова А.Байтұрсынұлының «Әліппесінде» негізге алынған әдістерге, ондағы тапсырма түрлерінің мақсатына тоқталып, қазіргі тәжірибеде қолдану жолдарын ұсынды. Сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік мектептері құрастырған «Әліппе» оқулығындағы ұлт ұстазы ұсынған әдіс-тәсілдердің қалай берілгенін көрсетті. Перизат Биғазина А.Байтұрсынұлының сауаттылықты тек оқи алу, жаза білу деп қана санамай, оқулықтарына баланың дүниетануын кеңейтуге, ғылыми сауатын ашуға бағытталған мәтіндер енгізгенін ерекше атап өтіп, оларды жаратылыстану сабағында тәжірибеде қолдану мәселесін қозғады.

Вебинар соңында А.Байтұрсынұлының «Әліппесіндегі» тапсырмалар негізінде байқау ұйымдастырылды. Байқау қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы №85 лицей мұғалімі Жұмаханова Назым, Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы Педагогикалық колледж студенті Қалекес Ақерке және Нұр-Сұлтан қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының қызметкері Әуелбекова Айнұр жеңімпаз атанып, дипломмен марапатталды.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *