Астана хабы ынтымақтастықты нығайту тәжірибесімен бөлісті

Онлайн режимде өткен үш күндік виртуалды аймақаралық диалог Сovid-19 пандемиясының сын-қатерлеріне жауап іздеуде ынтымақтастықтың рөлі мен қажеттілігіне, сондай-ақ аймақтық және аймақаралық саясаттар мен шаралардың үйлесімділігін және интеграциясын қамтамасыз ету жолдарын талдауға арналды. Бұл маңызды іс-шараны Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастық жөніндегі БҰҰ басқармасының (UNOSSC) Араб, Еуропа және ТМД елдері бойынша бөлімі ұйымдастырды.

Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов осы іс-шарада жасаған баяндамасында дүниежүзі елдерінің үкіметтері үшін жаңа идеяларға ашық болу, қысқа мерзімде озық тәжірибені енгізуге мүмкіндік беретін жоспарлау мен іске асырудың икемді құралдарын пайдалана білудің маңыздылығын атап өтті.

Байменов мырза, сондай-ақ, Астана мемлекеттік қызмет хабы құрған виртуалды платформа туралы да мағлұматпен бөлісті. Ол Виртуалды хабта мемлекеттік басқару саласындағы өзекті мәселелер бойынша түрлі материалдар, атап айтқанда Хабқа қатысушы елдер мен оның серіктестерінен жиналған тақырыптық зерттеулер, үздік тәжірибелер туралы ақпараттар, сондай-ақ электрондық ресурстарға сілтемелер орналастырылғанын айта отырып, бұл материалдар ғалымдар мен практиктердің мемлекеттік басқару саласында орын алатын, оның ішінде COVID-19 пандемиясынан туындаған, проблемаларды шешу бағытындағы ізденіс жолында пайдалы болатынына сенім білдіреміз деді.

Тұрақты даму бағытындағы прогресске қол жеткізу үшін мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар қалай жүзеге асырылуы тиіс деген сұраққа жауап бере отырып, А. Байменов «бұл бағытта үкіметтер тек мемлекеттік аппараттың күш-жігеріне ғана жүгінуі аз, олар бүкіл қоғамның күш-жігерін жұмылдыруға талпынуы маңызды» -деді. «Осы орайда, азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты дамыту, азаматтық қатысу және инклюзивті экономика жаңа деңгейге шығарылуы керек»- деп ойын тұжырымдады.

Онлайн іс-шараға жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктер, мемлекеттік басқару саласындағы жетекші сарапшылар, өңірлік және елдік деңгейдегі БҰҰ өкілдері, халықаралық ұйымдар мен тиісті талдау орталықтарының өкілдері, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

Қатысушылар сонымен қатар COVID-19 қарсы әрекет ету мен қалпына келтіру жағдайында мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерін шешуде пайдалы болған қолдау құралдары мен түрлерін, сондай-ақ үйлестірілген және келісілген күш-жігерді қажет ететін туындайтын қажеттіліктерді талқылады және осы қиындықтарды жеңуге бағытталған іс-әрекеттерді ұсынды

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *