Биылғы жылы елімізде Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанының 80 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Оған қатысушылардың жанқиярлық ерліктері бүгінгі жастарға айтылып, есімдері ұлықталды. Биылдың өзінде Президент тапсырмасына орай осы сұрапыл соғысқа қатысушылардың 500-ден астамына әр өңірде көшеге есімін беру жөнінде комиссия шешімдері шықты. Соғыс кезінде ұрыс даласында қайтыс болған із-түзсіз жоғалғандар есебіндегі қаншама адамның жерленген жерлері анықталып, туыстары олардың жерленген жерінен топырақ алып келіп, туыстарының қасына қойды.
Мұндай жағдайлар біздің ауданымызда да болды. Ұзақ жылдар полиция саласында қызмет еткен Сахов Артықбай Орынбасарұлы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне, Қазақстан мен Ресейдің елшіліктеріне хат жазып жүріп, нәтижесінде атасы Сламидин Әбілдәұлының 1943 жылдың 9 ақпанында қайтыс болғанын, құрамында 150 солдаты бар атқыштар бөлімінің басқарған сержанты екендігін, Ресейдің Ростов облысының Октябрь ауданындағы «Бауырластар зиратына» жерленгенін тапты. Кейіннен арнайы барып басына зиярат етіп, ол жерден бір уыс топырақ алып келіп, елдегі қайтыс болған бауырларының қасына қойып, рухына құран оқытты. Сламидин Әбілдәұлының есімі аудан орталығындағы «Тұңғыш Президент саябағындағы» Ұлы Отан соғысына қатысушылардың тізімдері жазылған мемориал тақтаға тіркелді.
Сонымен қатар Артықбай Орынбасарұлы «Қоссейіт» ауылының ардагері Қалнияз Суясиновтің өтініші бойынша Қазақ КСР-нің Ақтау қаласы маңындағы Астрахан фортынан әскерге алынып, хабар-ошарсыз кеткен әкесі Арап Суесенов жайлы да іздеу жариялайды. Нәтижесінде Араптың 1944 жылдың бірінші мамырында Ресейдің Ленинград облысының Остров ауданы, Церковщина деревнясындағы «Бауырластар зиратына» жерленгені жайлы хабар табады. Осылайша тағы бір отбасын соғысқа аттанған бауырлары туралы шындық хабарды 81 жылдан кейін білді.
Республикамызда осындай қуанышты жағдайлар, соғыста хабар-ошарсыз кеткендерді іздеушілер саны да биыл артты. Соның нәтижесінде алдағы кезде іздестіру жұмыстарын бірлесе атқару мақсатында республикалық «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі оның облыстық филиалдары құрылды. Сол сияқты Қоғамдық бірлестіктің төрағасы М.Молдағалиевтің шешімімен Түркістан облысы бойынша «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі филиалының басшысы болып жерлесіміз Сахов Артықбай Орынбасарұлы бекітілді.
Алдағы кезде соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен бауырларды Арекең арқылы іздестіріп табуға толық мүмкіндік туып отыр.
Осыдан біршама уақыт бұрын «Atamnyn Amanaty» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Молдағалиев ұйымның атқаратын жұмысының маңыздылығын атап өтіп Түркістан облысының әкімі Н.Көшеровке филиал басшысы Артықбай Саховқа қызметтік кабинет беруге ұсыныс жолдаған болатын. Жақында бұл ұсыныс хатқа Шардара ауданы әкімінің орынбасары Б.Төребековтен жауап хат келіпті. Онда «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі ұйымының филиалын ашу бойынша ұсынысыңызды толығымен қолдаймын және жан-жақты қолдаулар заң аясында көрсетілетін болады. Сіздер ұсынған Артықбай Орынбасарұлы Саховқа аудан орталығынан кабинет қарастырылуда. Кабинет табылып, нақтыланғаннан кейін А.Саховқа қосымша хабарлаймыз» делінген. Бұл мәселе де оң шешімін тауып, жұмыс жүйелі түрде жүргізілмек.
Сондықтан Ұлы Отан соғысы жылдары хабар-ошарсыз кеткен туыстарыңыз болса республикалық «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының басшысы Сахов Артықбай Орынбасарұлымен хабарласып, бірге іздеу жариялауыңызға болады.
Байланыс телефоны: 8-747-348-48-47 
Ізденістеріңіз нәтижесіз қалмасын, әрбір хабар – үміт отын сыйласын.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ