МОМЫШҰЛЫ МҰРАСЫ – ЖАС ҰРПАҚҚА РУХАНИ БАҒДАР

9 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы және «Шеберлік шыңы» Республикалық әдістемелік орталығы бірлесе ұйымдастырған «Момышұлы мұрасы» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған байқаудың 2-кезеңі өткізілді. Ұлт тарихында айрықша орны бар, ерлігі елге үлгі, сөзі ұрпаққа өсиет болған Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай өткізілген бұл игі шара жас ұрпақтың санасына отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті сіңіруді көздеді.

Байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының идеялық арқауына сүйене отырып ұйымдастырылды. Бұл тұжырымдама аясында адалдық, әділдік, еңбекқорлық, елге қызмет ету секілді асыл құндылықтарды жас буынның өмірлік ұстанымына айналдыру басты мақсат ретінде айқындалды. Осы тұрғыдан алғанда, Бауыржан Момышұлының батырлық жолы мен өнегелі ғұмыры – ұлттық тәрбиенің сарқылмас қайнар көзі.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең онлайн форматта өткізіліп, республика бойынша білім алушылардан 100-ден астам шығармашылық жұмыс қабылданды. Ұсынылған жұмыстар мазмұнының тереңдігі, тақырыпты ашу деңгейі, шығармашылық ерекшелігі және талаптарға сәйкестігі бойынша сарапталып, нәтижесінде үздік деп танылған қатысушылар байқаудың қорытынды, яғни екінші кезеңіне жолдама алды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған оқушылар мен педагогтер байқауға ерекше дайындықпен, зор ықыласпен қатысты. Республика көлемінен 65 оқушы келіп, өз өнерлері мен білімдерін ортаға салды. Мәнерлеп оқу, монолог, ғылыми жоба, эссе жазу, қолөнер және сурет номинациялары бойынша өткен сайыстарда қатысушылар батыр тұлғасын әр қырынан танытып, оның ерлігі мен рухани мұрасын шығармашылық тұрғыда зерделей білді. Әрбір орындалған жұмыс жас жүректің ел тарихына деген құрметін, батыр рухына деген тағзымын айқын көрсетті.

Байқау барысында Бауыржан Момышұлының қаһармандық болмысы, әскери қолбасшылық дарыны ғана емес, терең ойлы жазушы, ұлт жанашыры ретіндегі бейнесі де кеңінен ашылды. Оқушылар оның шығармаларындағы адамгершілік, тәртіп, намыс, жауапкершілік идеяларын бүгінгі заманмен сабақтастыра отырып жеткізе алды. Бұл – батыр мұрасының уақыт өткен сайын маңызын жоймай, керісінше жаңа ұрпаққа рухани бағдар бола алатынының айқын дәлелі.

Байқау қорытындысында үздік деп танылған қатысушылар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталып, «Мазмұндама» баспасының кітаптары сыйға берілді. Бұл марапаттар – жас таланттардың еңбегіне берілген баға ғана емес, олардың алдағы шығармашылық ізденістеріне берілген үлкен демеу болды.

«Момышұлы мұрасы» байқауы батырдың ерлік жолын, әдеби және рухани мұрасын насихаттауда, жас ұрпақты елін сүюге, адал азамат болып қалыптасуға тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды. Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлт қаһармандарының өнегесі жас буынның жүрегіне жол тауып, ел болашағының рухани іргетасы беки түсетіні сөзсіз.

Сайдембаева Алия Шуратқызы

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің

Республикалық ғылыми-педагогикалық

кітапханасының директоры

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *