Я.К. Сайлас Тангал
Үндістанның Қазақстандағы Елшісі
Үндістанның 2026 жылғы 19–20 ақпанда Нью-Дели қаласында «Sarvajan Hitaya, Sarvajan Sukhaya — Welfare for All, Happiness for All» («Баршаға игілік, баршаға бақыт») тақырыбымен Жасанды интеллект (AI) саммитін өткізуі – технологияны этикалық, инклюзивті әрі адам игілігіне бағытталған жаһандық ортақ ұстаным негізінде ілгерілету жолындағы маңызды қадам. Саммитке мемлекет және үкімет басшыларының, сондай-ақ жаһандық жасанды интеллект саласындағы жетекші сарапшылар мен компания өкілдерінің қатысуы AI-дың қазіргі дәуірдің айқындаушы күштерінің біріне айналып келе жатқанын көрсетеді. Дұрыс әрі жауапты басқарылған жағдайда жасанды интеллект экономикаларды жаңғыртуға, мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және күрделі даму мәселелерін шешуге елеулі серпін бере алады.
- Жасанды интеллект – түпкі мақсат емес, ол адам мүмкіндігін кеңейтетін тиімді құрал. Денсаулық сақтау саласында ол сапалы диагностика мен дәл емдеуге қолжетімділікті арттыра алады. Білім беру жүйесінде оқу үдерісін баршаға қолжетімді етіп, жаңа дағдыларды меңгеру мүмкіндігін кеңейтеді. Мемлекеттік басқаруда ашықтықты күшейтіп, қызмет көрсету тиімділігін арттырып, шешім қабылдау сапасын жақсартады. Сонымен қатар AI-ға негізделген инновациялар климаттың өзгеруімен күресуге, энергия тиімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, орнықты қалалар жоспарлауға және «ақылды» инфрақұрылым қалыптастыруға зор мүмкіндік береді.
- Жаһандық өзгерістер үдей түскен қазіргі кезеңде өзара құрмет пен ортақ ұмтылыстарға негізделген ұзақмерзімді стратегиялық серіктестер — Үндістан мен Қазақстан үшін жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты екіжақты қатынастардың маңызды бағыттарының біріне айналдыруға айрықша мүмкіндік бар. Қазақстан жоғары білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект пәндерін енгізу арқылы келесі буынды цифрлық болашаққа дайындауда маңызды қадам жасады. Бұл бастама – цифрлық құзыреттілікті арттыруға және академиялық ортада AI сауаттылығын орнықтыру арқылы елдің инновациялық әлеуетін күшейтуге бағытталған ұлттық ұстанымның айқын дәлелі. Сонымен қатар Alem AI платформасы сынды бастамаларды қамтитын Қазақстанның инновациялық экожүйесі технологиялық прогресті жеделдетуге және өңірлік көшбасшылықты нығайтуға бағытталған.
- Үндістанның жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған берік саясаттық негіздері, ғылыми-зерттеу әлеуетінің артуы және серпінді инновациялық ортасы Қазақстанның бастамаларын табиғи түрде толықтырады. Екіжақты ынтымақтастықтың нақты тетіктерінің бірі – Үндістанның Техникалық және экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы (ITEC). Осы бағдарлама аясында Үндістан жыл сайын қазақстандық мамандарға басым бағыттар бойынша, соның ішінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласында 100-ден астам оқу орнын ұсынады. Бұл бастамалар институционалдық байланыстарды нығайтып, білім алмасуды кеңейтіп, ұзақмерзімді әріптестікті қамтамасыз ететін білікті адами капитал қалыптастыруға ықпал етеді.
- Денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимыл бұл серіктестікті нақты мазмұнмен толықтыра түседі. Медициналық инновациялар мен қызмет көрсету саласындағы Үндістанның халықаралық деңгейде мойындалған тәжірибесі Қазақстанмен жүзеге асқан жобалар арқылы айқын көрініс тапты. Соның айқын мысалы — үнділік озық технология негізінде әзірленген MISSO роботтандырылған хирургиялық жүйесінің сыйға тартылуы. Бұл жүйе жасанды интеллектке негізделген визуализация арқылы хирургтарға күрделі анатомиялық құрылымдарда жоғары дәлдікпен әрекет етуге мүмкіндік береді, буын алмастыру оталары кезінде импланттарды барынша дәл және жеке ерекшеліктерге сай орналастыруды қамтамасыз етіп, операциялық тәуекелдерді азайтады. Үндістандық медициналық мамандар Астанаға келіп, MISSO жүйесімен тікелей операциялық көрсетілімдер өткізіп, қазақстандық дәрігерлерге тәжірибелік оқыту жүргізді. Бұл алмасу технологияларды беру мен кәсіби ынтымақтастықтың азаматтарға тікелей пайда әкеліп, институционалдық сенімді нығайта алатынын көрсетеді.
- Жасанды интеллект саласындағы ықтимал ынтымақтастық көкжиегі бұдан әлдеқайда кең. Бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары инновацияны жеделдетіп, жас мамандардың кәсіби құзыретін тереңдетуге мүмкіндік береді. Стартаптар арасындағы өзара байланыстар мен жеке сектордың белсенді қатысуы кәсіпкерлікті дамытып, AI шешімдерін коммерцияландыруға жол ашады. Логистиканы оңтайландыру, энергия менеджменті және киберқауіпсіздік бағыттарындағы әріптестік экономикалық өсімді одан әрі күшейтеді. Мұның бәрі жасанды интеллекттің инновация мен күнделікті өмір қажеттіліктерін ұштастыра алатынын көрсетеді.
- Екіжақты пайдадан бөлек, Үндістан–Қазақстан арасындағы жасанды интеллект саласындағы серіктестік өңірлік әрі жаһандық маңызға да ие. Екі мемлекет те көпжақты ынтымақтастықты, инклюзивті дамуды және технологияларды жауапты басқаруды қолдайды. Күш-жігерді үйлестіру арқылы олар адамға бағдарланған инновацияны, әділ қолжетімділікті және этикалық жауапкершілікті басымдық ететін жаһандық нормаларды қалыптастыруға үлес қоса алады. Бұл – даму алшақтықтарын қысқартуға, тұрақтылық пен өркендеуді нығайтуға бағытталған ортақ көзқарастың көрінісі.
- AI саммиті аясында Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди мен Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің кездесуі екі елдің жаңа технологияларға стратегиялық мән беретінін көрсетеді. Жоғары деңгейдегі диалог жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты білім беру, ғылыми зерттеу, сауда, денсаулық сақтау және инновация бағыттарын қамтитын кең ауқымды екіжақты қатынастар шеңберінде орнықтыруға мүмкіндік береді. Бұл өзара іс-қимылдың болашаққа бағытталған әрі нәтижелі болуын қамтамасыз етеді.
- Жасанды интеллект жаһандық дамудың сипатын өзгертіп жатқан кезеңде Үндістан мен Қазақстан өз серіктестігін мазмұнды әрі үлгі боларлық технологиялық ынтымақтастық деңгейіне көтере алады. Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне AI енгізуі, Үндістанның кадр даярлау бастамалары мен денсаулық сақтау саласындағы инновациялық тәжірибесі екі елдің өзара толықтыратын артықшылықтарын ортақ игілікке жұмылдыруға болатынын көрсетеді.
- Түптеп келгенде, жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық – тек технологиялық прогресс қана емес, бұл Үндістан мен Қазақстанның инновацияны адам игілігінің өзегіне қоюға бағытталған ортақ стратегиялық ұстанымының көрінісі. Саяси сенімге негізделген берік әріптестік пен түрлі салалардағы серпінді ынтымақтастық аясында екі ел нақты нәтижелерге қол жеткізіп, өз азаматтарына тікелей пайда әкелуге қабілетті. Әлеуетті үйлестіріп, инновацияны қолдап, жауапты басқару қағидаттарын сақтай отырып, Үндістан мен Қазақстан жасанды интеллектті инклюзивті өсімнің, орнықты дамудың және өркендеудің қуатты қозғаушы күшіне айналдыра алады.