Дубайда Дүниежүзілік үкіметтер саммиті (World Governments Summit, WGS) аясында «Болашақ үкіметтер үшін жасанды интеллект: елдік тәжірибелер мен практикалар» атты жиын өтті. Онда Орталық Азия, Кавказ және Азия–Тынық мұхиты аймақ елдерінен министрлер, вице-министрлер және жетекші мамандар бас қосып, мемлекеттік басқарудағы ЖИ тиімді қолдану практикалық және стратегиялық тәсілдері, форсайттық көзқарастар талқыланды.
Сессияны аша отырып, Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов адам мен жасанды интеллект қатар өмір сүретін дәуірде ЖИ мемлекеттік басқару және басқа да салаларды трансформациялап жатқанын, бұл үкіметтерге қоғамдық қажеттіліктерді дәлірек болжауға, тиімді саясат әзірлеуге және жылдам, ашық әрі азаматтарға бағытталған қызметтер көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол сондай-ақ ЖИ-ді тиімді басқару үшін нақты әрі икемді реттеу тетіктері, дамыған цифрлық және деректер инфрақұрылымы, инклюзивті салааралық ынтымақтастық және институционалдық әлеуетті нығайту қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастық пен білім алмасудың маңыздылығы айтылды: бірлескен жоба елдер арасындағы тұрақты диалогқа жол ашады әрі қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге деген қызығушылығын арттырды.
Өз сөзінде Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігінің (MOIS) Мемлекеттік қызмет инновациялары жөніндегі директоры Минсиг Парк жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар үкіметтердің саясаттарын қалыптастыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және азаматтармен қарым-қатынас жасау мәселесінде жылдам өзгерістер енгізіп жатқанына назар аудартты.
Ол үкіметтердің екі еселенген жауапкершілігін ерекше атап өтті: бір жағынан – технологиялық инновациялар әлеуетін пайдалану, екінші жағынан – тәуекелдерді басқару және қоғамдық сенімді қорғау. Оның айтуынша, жасанды интеллект жаһандық қоғамдық игілікке айналуы үшін халықаралық ынтымақтастық пен ортақ жауапкершілік қажет. Сонымен қатар, ол Корея Республикасының тәжірибе алмасуға және инклюзивті әрі жауапты жаһандық ЖИ экожүйесін дамытудағы берік ұстанымын мәлімдеді.
Іс-шара аясында Грузия Әділет министрі Паата Салия, Қырғыз Республикасы Цифрлық даму және инновациялық технологиялар министрі Азамат Жамангулов, сондай-ақ ҚР Қаржы вице-министрі Асет Тұрысов сөз сөйледі. Олар мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдануға қатысты стратегиялық көзқарастарымен және негізгі тұжырымдарымен бөлісті. Спикерлер шынайы қоғамдық құндылық, есеп беру және ашықтық қағидаттарына басымдық бере отырып, ЖИ құралдарын, деректерге негізделген тәсілдер және цифрлық шешімдерді, оның ішінде цифрлық салық жүйелері мен проактивті мемлекеттік қызметтерді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара ауқымында Әзірбайжан, Бангладеш, Камбоджа, Грузия, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Лаос Халық Демократиялық Республикасы, Моңғолия және Тәжікстан елдерінен жетекші мамандары қатысқан сарапшылар сессиясы өтті. Талқылау барысында ЖИ стратегияларынан оларды тиімді енгізуге көшу жолындағы практикалық сынақтар, сондай-ақ негізгі саяси және институционалдық факторлар, этикалық және нормативтік мәселелер қарастырылды. Қатысушылар цифрлық трансформация жағдайында тұрақты және болашаққа бағытталған мемлекеттік институттарды құру үшін үздіксіз білім алмасу және өзара оқыту өте маңызды екенін атап өтті.
Іс-шара Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі (MOIS), Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі (NIA), Қазақстандағы БҰҰ ДБ және Астана мемлекеттік қызмет хабы бірлесіп, Дүниежүзілік үкіметтер саммиті (WGS) мен Governance Solutions International серіктестері қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шара БҰҰДБ, MOIS, NIA және Астана мемлекеттік қызмет хабы жүзеге асырып отырған өңіраралық жобаның бір бөлігі болып табылады. Жоба Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан), Кавказ (Армения, Әзербайжан және Грузия) және Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі (Бангладеш, Камбоджа, Лаос, Моңғолия және Филиппин) 12 елдің мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыруға бағытталған. Жоба аясында семинарлар, конференциялар, зерттеу іс-шаралары және Корея Республикасына оқу сапарлары ұйымдастырылып, цифрлық трансформация мен мемлекеттік басқаруды дамытуға ерекше назар аударылады.