Елордада УЕФА Чемпиондар лигасының әнұраны қайта шырқалды. Алматылық «Қайрат» еурокубоктағы 6–7-тур ойындарын «Астана-Арена» стадионында өткізетіндіктен, 6-тур аясында елордалық жанкүйер алдында Пирейдің атақты «Олимпиакос» клубын қабылдады.
Кездесудің алғашқы таймы тең дәрежеде өтті. Қос команда да шабуылға шығып, қауіпті сәттер ұйымдастыруға тырысты. Нәтижесінде, грек ұжымының қос ойыншысы сары қағазға ілікті. Дегенмен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Екінші таймда ойын қарқыны біршама баяулады. 46-минутта «Қайрат» бірден екі ойыншысын ауыстырды: негізгі құрамда ойынды бастаған Рикардиньоның орнына Жоржиньо шықса, Георгий Зарияны Валерий Громыко алмастырды. Алайда кездесудің шешуші сәті 62-минутта тіркелді. Еркін Тапаловтың орнына жасалған ауысымнан кейін қорғаныста байланыс үзіліп, «Олимпиакос» шабуылшысы Желсон Мартинш есеп ашты – 0:1.
Ойын соңына қарай бас бапкер Уразбахтин есепті теңестіру үшін Олжас Байбек пен Эдмилсонды алаңнан шығарып, олардың орнына Дамир Қасабулат пен Юг Станоевты қосты. Алайда шабуылдағы әрекеттер нақты нәтижеге ұласпады.
Осылайша, кездесудің қорытынды есебі – 0:1. «Қайрат» турнирлік кестеде 34-орынға сырғыды. Соған қарамастан, матчтың үздік ойыншысы ретінде қақпашы Темірлан Анарбеков танылды. Ол ойын барысында 8 сейв жасап, командасын ірі есептен құтқарып қалды.
Али Манарбеков
фото QRNews.kz сайтынан алынды