Астанадағы «Алтын домбыра» өнер мектебі жас ұрпаққа домбыра үйретіп қана қоймай, олардың бойына ұлттық рух пен патриоттық сезімді сіңіріп келеді. Мектептің жетекшісі – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жас ұстаз Ибрагим Ескендір.
«Домбыра – қазақтың жаны, халқымыздың рухын жеткізетін киелі аспап. Біздің мақсатымыз – өскелең ұрпаққа ұлттық өнерді үйретіп қана қоймай, оларды елін, жерін сүйетін азамат етіп тәрбиелеу», – дейді Ибрагим Ескендір.
Ата-аналар да бұл мектептің жұмысына жоғары баға беруде.
«Ұстаздары нағыз өнер иесі. Мұнда тек музыка ғана емес, ұлттық тәрбие, патриоттық сезім де үйретіледі. Балаларымыз жиі байқауларға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр», – дейді Әнуар Қуанышұлы.

Ұлттық домбыра күніне арналған айтулы шаралар 2025 жылы «Алтын домбыра» өнер мектебі мен «Жастар» сарайы бірлесіп Ұлттық домбыра күніне орай Астанада үлкен гала-концерт ұйымдастырды. Шарада Ибрагим Ескендір, Мәди Сыздықов, мектеп ұстаздары мен дарынды шәкірттері, сондай-ақ «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі өнер көрсетті.
2024 жылы «Елдік рухым – домбыра» атты гала-концерт өтті. Онда Ибрагим Ескендір бастаған ұстаздар мен шәкірттер 500-ге жуық жас домбырашыны сахнаға шығарып, көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады.
2023 жылы AMANAT партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Dombyra Party» бағдарламасында «Алтын домбыра» орталығының 200 шәкірті қазақтың күмбірлеген күйлерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
“Алтын домбыра”
Көркемдік жетекші: Ақылаев Әнуар Қуанышұлы