Астана мемлекеттік қызмет хабы халықаралық алаңда Қазақстан тәжірибесін ілгерілетуде

Момбасада Қазақстанның мемлекеттік қызметті цифрландыру моделі халықаралық қауымдастыққа таныстырылды. Кения мемлекеттік басқару мектебінде (KSG) алдын ала болжап, оза басқару мен мемлекеттік сектордың цифрлық трансформациясына арналған көшбасшылық бойынша VI стратегиялық семинар өтті. Астана мемлекеттік қызмет хабы Африка мемлекеттік басқару және менеджмент қауымдастығы (AAPAM) әріптесі ретінде Қазақстан тәжірибесін ілгерілетуге және білім алмасуға ықпал етті.

Халықаралық семинарды AAPAM мен KSG ұйымдары Хаб және Кенияның Ұлттық зерттеу қорымен (NRF) бірлесе ұйымдастырды. 14 елден келген 160-қа жуық мемлекеттік қызметші, сарапшылар мен зерттеушілер оза басқару, жүйелі ойлау және цифрлық технологиялар мемлекеттік секторды қалай трансформациялауға көмектесетінін талқылады.

Ашылу салтанатында AAPAM президенті Дж. Накабао, KSG директоры Н. Мохамед, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы орынбасары Ұлан Бекіш, сондай-ақ Африка мен Еуропа елдері, халықаралық ұйым өкілдері сөз сөйледі.

Ұлан Бекіш Қазақстанның мемлекеттік қызметіндегі персоналды басқарудың интеграцияланған цифрлық жүйесі — e-HR (e-Qyzmet) платформасын таныстырды. Ол платформаның қалай кадрлық процестерді модернизациялап, кадр процедуралары ашықтығын қамтамасыз еткенін, конкурстық іріктеуді оңтайландыруға және адами ресурстарды объективті деректер негізінде басқаруға көшуге қалай көмектескенін баяндады. Қатысушылар Қазақстан моделіне, әсіресе оны енгізу және іс жүзінде қолдану барысына қызығушылық танытты.

Астана мемлекеттік қызмет хабы сарапшысы Гүлімжан Сүлейменова Хабтың қызметімен таныстырып, Қазақстанның мемлекеттік қызмет институттары мен халықаралық ұйымдар арасындағы серіктестік пен тәжірибе алмасуды дамытудағы рөлі туралы айтты. Мемлекеттік институттарға деген сенімді қалпына келтірудегі әдеп пен есептіліктің рөліне арналған сессияны жүргізе отырып, ол: «Мемлекетке деген сенім бағдарламалық кодтан немесе алгоритмдерден емес, түсінікті қағидалардан, ашықтық пен есептіліктен басталатынын» атап өтті.

Семинарға қатысу – Хабтың мемлекеттік қызмет пен цифрлық трансформация саласындағы Қазақстан тәжірибесін әлемде ілгерілету, сондай-ақ африкалық мемлекеттік басқару институттарымен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жүйелі жұмыстар жалғасы.

AAPAM — Африкада мемлекеттік басқару мен менеджменттің озық тәжірибелерін ілгерілетіп, дамуына жәрдемдесетін жетекші халықаралық кәсіби ұйым. Оның құрамына 50-ден астам елдің үкіметтері, жеке сектор, азаматтық қоғам, халықаралық ұйым және зерттеу қауымдастығы өкілдері кіреді. 

Астана мемлекеттік қызмет хабы (ACSH) — тәжірибе алмасу, зерттеулер жүргізу және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Үкіметі және БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп құрылған халықаралық институционалдық платформа. Бүгінде Хаб 45 қатысушы елді біріктіріп, 100-ден астам халықаралық ұйым және зерттеу орталығымен ынтымақтасады.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *