«Астана Опера» теноры Нұрсұлтан Әнуарбек Қазақстанды Швейцариядағы Opera for Peace беделді фестивалінде таныстырады

«Астана Опера» театрының солисі әрі Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасының қатысушысы Нұрсұлтан Әнуарбек Opera for Peace бесінші мерейтойлық халықаралық фестиваліне қатысуға шақырылған дүниежүзінің дарынды жас он әншісінің қатарына енді. Ауқымды оқиға Швейцарияның Лугано қаласында 2026 жылы 4-12 қыркүйек аралығында өтеді.

LAC Lugano Arte e Cultura және Fondation BNP Paribas қолдауымен ұйымдастырылған Opera for Peace академиясы төрт құрлықтың жас опера орындаушыларының басын қосады. Он күн бойы қатысушыларды әлемдік деңгейдегі танымал дирижерлермен, әншілермен және вокал коучтарымен өтетін шеберлік сабақтары мен жеке дайындықтар күтеді. Сондай-ақ бағдарлама аясында көшбасшылық қасиеттерді дамытуға әрі қазіргі қоғамда әртістің әлеуметтік рөлін ұғынуға бағытталған воркшоптар өткізіледі.

12 қыркүйекте өтіп, LAC 2026/2027 музыкалық маусымын ашатын гала-концерт фестивальдің шарықтау шегіне айналады. Opera for Peace академиясының көркемдік әрі музыкалық жетекшісі, әлемдік опера өнеріне сүбелі үлес қосқаны үшін халықаралық деңгейде мойындалған дирижер Камал Ханның басқаруымен сахнада жас вокалистермен бірге Orchestra della Svizzera italiana өнер көрсетеді. Нұрсұлтан Әнуарбек Қазақстанды АҚШ, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Коста-Рика мен тағы басқа елдердің әртістерімен қатар таныстырады.

Осынау беделді халықаралық жобаға қатысу – жас тенордың мансабындағы маңызды кезең. Нұрсұлтан Әнуарбек басқа тоғыз қатысушымен бірге қатаң іріктеуден өтті. Әртістің қоржынында вокал байқауларындағы жеңістер, оның ішінде «Қазақ романсиадасындағы» бас жүлде мен Италияда өткен «Caruso – De Curtis» байқауындағы бірінші орын бар. 2025 жылы ол жауапты байқаудан өтіп, Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасына қабылданған еді, әртіс ол жақта бір жылға жуық уақыт тәжірибеден өтті.

Өзінің жоғары деңгейімен және қатал іріктеуімен танымал Үлкен театр бағдарламасы жыл сайын тағылымдамадан өтушілердің санаулысын ғана қабылдайды, олардың ішінде ең әлеуетті дегендері ғана оқуды жалғастыруға және труппаның негізгі құрамына енуге мүмкіндік алады. Нұрсұлтан Әнуарбектің жетістіктері, оның ішінде Тверьде өткен біртуар әнші КСРО халық әртісі С.Я.Лемешев атындағы V халықаралық жас опера әншілерінің байқауындағы ІІІ сыйлықты иеленуі оның кәсіби тұрғыдағы қарқынды дамуының және әлемдік опера сахнасындағы жарқын болашағының көрсеткіші. Швейцариядағы өнер көрсетуінен кейін Нұрсұлтан Әнуарбек Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасына оралады, әнші ол жақта тағы бір жыл оқуға шақырылған. Отандасымыз Үлкен театр сахнасындағы спектакльдерде әйгілі дирижер В.А.Гергиевтің жетекшілігімен бірнеше мәрте өнер көрсеткенін еске саламыз.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *