ҮНДІСТАННЫҢ ТАЗА ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДАҒЫ КӨШБАСШЫЛЫҒЫ: ЖАСЫЛ СУТЕК

(Бейресми аударма)

Ишита Шривастава, ғылыми қызметкер

Елші Манджив Сингх Пури, құрметті сарапшы

ЭНЕРГИЯ ЖӘНЕ РЕСУРСТАР ИНСТИТУТЫ

Үндістан таза энергетиканы дамытуда әлемдік көшбасшылардың біріне айналды:  2025 жылдың желтоқсан айының соңына қарай қазбалы емес отын көздері Үндістанның орнатылған электр қуатының 51,93 пайызын құрап, Үндістанның Екінші Ұлттық деңгейде айқындалатын үлесімен белгіленген 50 пайыздық межеден асып түсті. IRENA агенттігінің «Жаңартылатын энергетика статистикасы 2025» есебіне сәйкес, Үндістан орнатылған жаңартылатын энергия қуаты бойынша әлемде төртінші орында.

Үндістанның энергетикалық трансформациясын елдің даму қажеттіліктері тұрғысынан қарастыру қажет. Ел энергияға деген сұраныстың шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ, ал энергияға қолжетімділік, оның қолжетімді бағасы және энергетикалық қауіпсіздік Үндістанның даму бағытының негізгі құрамдас бөліктері болып қала береді. Сондықтан Үндістанның даму стратегиясы жаңартылатын энергия көздерін кеңейтуді, энергия тиімділігін арттыруды, атом энергетикасын, жасыл сутекті, көміртекті сіңіру тетіктерін және көміртек нарықтарын дамытуды өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілік пен жұмыс орындарын құру міндеттерімен ұштастырады.

Осы бағыттардың ішінде жасыл сутек маңызды орынға ие, себебі ол электр энергиясына тікелей көшу жеткіліксіз болуы мүмкін салаларды декарбонизациялауға ықпал ете алады. Жасыл сутек әрі отын, әрі өнеркәсіптік шикізат болып табылады және оны жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып өндіру мұнай өңдеу, тыңайтқыш өндіру, болат өндірісі және көміртек шығарындыларын азайтуы қиын басқа да салаларда қазба отыннан алынатын өнімдерді алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол ұзақ қашықтыққа қатынайтын автомобиль көлігін, теміржол көлігін және теңіз кемелерін декарбонизациялауға ықпал етеді. Жақында Үндістан теміржолдары сутек отынымен жұмыс істейтін пойыздарды пайдалануға болатындығын көрсетті.

Ұлттық жасыл сутек миссиясы осы мүмкіндікті кеңейтуге арналған негізгі мемлекеттік саясат шеңберін қалыптастырып, энергетикалық трансформацияны өнеркәсіптік саясатпен және сыртқы экономикалық мүмкіндіктермен байланыстырады. Миссия 2030 жылға қарай жыл сайын 5 млн метрлік тонна жасыл сутек өндіруді көздейді. Қазіргі уақытта жылына 862 мың тонна өндірістік қуат 18 компанияға бөлінді, ал 15 компанияға электролизерлерді жыл сайын өндірудің жиынтық 3 000 МВт қуаты берілді. Сонымен қатар жасыл сутекті дамытуға арналған үш хаб Гуджарат штатындағы Диндайял порт әкімшілігінде, Тамилнаду штатындағы В.О. Чидамбаранар порт әкімшілігінде және Одиша штатындағы Парадип порт әкімшілігінде белгіленді.

Секторлық бағыт жасыл сутекті нақты өнеркәсіптік пайдалану жағдайларымен байланыстырады. Тыңайтқыш өндірісінде қолда бар деректерге сәйкес, жасыл аммиакты сатып алудың жиынтық қуаты жылына 724 мың метрлік тоннаны құрайды және оның бағасы килограмына 55,75 үнді рупиясы деңгейінде. Мұнай өңдеуде жасыл сутек саланың көміртек іздерін азайту үшін пайдаланылуда, ал болат өндірісінде мемлекеттік және жеке өндірушілер қатысатын бес пилоттық жоба Үндістанның пайдалану жағдайларында темірді тотықсыздандыру және басқа да технологиялық қолданбалар үшін жасыл сутекті сынақтан өткізуде.

Үндістанның жасыл сутек стратегиясы да айқын халықаралық сипатқа ие: Үндістан Климаттың өзгеруі туралы Париж келісімінің 6-бабы аясында ерікті ынтымақтастықты пайдалануды көздейді. Бұл халықаралық бағыт өте маңызды, өйткени жасыл сутек болашақ таза энергия саудасының бір бөлігіне айналады деп күтілуде. Осылайша, Үндістанның жасыл сутек саласындағы бастамалары ішкі декарбонизация қажеттіліктеріне жауап берип қана қоймай, сонымен бірге елді әлемдегі болашақ төмен көміртекті экономиканың ережелеріне, нарықтарына және жеткізу тізбегіне үлес қосуға бағыттайды.

Үндістан қалыптасып келе жатқан халықаралық сутек платформалары мен әріптестік тетіктеріндегі өз орнын да нығайтуда. 2024 жылы Роттердамда өткен Дүниежүзілік сутек саммитінде Үндістан өзінің алғашқы Үндістан павильонын ұсынып, халықаралық сутек қауымдастығына қосылды. ЕО–Үндістан Сауда және технологиялар кеңесі аясындағы ынтымақтастық кеңейіп келеді. Бұл шеңберде қалдықтардан сутек өндіруге қатысты 30-дан астам бірлескен ұсыныс келіп түскен. Үндістан мен Ұлыбритания сутекті стандарттау бағытында жұмыс істеуде,ал Германиямен нарықтық тетіктер және экспортқа арналған бірлескен тендерлерді ұйымдастыру үлгілері бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар үндістандық компаниялар жапон компанияларымен жасыл аммиак пен жасыл метанолды ұзақ мерзімді сатып алу туралы келісімдер жасасты.

Үндістан Жаһандық Оңтүстікте күн энергиясын насихаттау арқылы ған емес, сонымен қатар елдің ішкі деңгейде жүзеге асырып жатқан өзгерістерінің үлгілік әсерімен де байланысты. Үндістанның жасыл сутек саласындағы белсенді бастамалары Жаһандық Оңтүстік елдеріне де осындай ауқымды әрі оң әсерін тигізуі мүмкін.

Елші Манджив Сингх Пури Еуропалық одақ (ЕО), Непал, Бельгия және Люксембургтегі Үндістанның бұрынғы елшісі. Ол сондай-ақ Үндістанның БҰҰ жанындағы елшісі және Тұрақты өкілінің орынбасары қызметтерін атқарған.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *