ҮНДІСТАННЫҢ АЗАМАТҚА БАҒЫТТАЛҒАН ДИПЛОМАТИЯСЫ

Елші Джитендра Кумар Трипати (отставкадағы)

Дипломатия дәстүрлі түрде тек саяси, экономикалық және қауіпсіздік мәселелері төңірегіндегі келіссөздерге назар аудара отырып, мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды жүргізу ретінде түсіндіріліп келді. Алайда қазіргі ғасырдың басталуымен жаһандану, ғылым мен технологияның қарқынды дамуы және халықтың көшіп-қонуының артуы нәтижесінде әлемдегі ахуал түбегейлі өзгеріп, дипломатияның аясы да кеңейе келе оған жаңа бағыттар қосылды. Үндістан да бұл өзгерістерден тыс қалған жоқ және дипломатияның өзегіне азаматқа бағытталған тәсілді қойған сыртқы саясатты қалыптастырды. Бұл саясат ел азаматтарының әл-ауқатын, қауіпсіздігі мен мүдделерін басты орынға қойып, үнді азаматтарын сыртқы қарым-қатынастардың маңызды бөлігіне айналдырды, бұл өз кезегінде Үндістанның Сыртқы істер министрлігінің азаматтардың қажеттіліктеріне неғұрлым жедел әрі тиімді әрекет етуіне ықпал етті.

Бұл бағыт қалай қалыптасты?

Өткен ғасырдың соңына дейін шетелде тұратын үнді азаматтары (NRIs — Үндістанның резиденті болып табылмайтын үнді азаматтары) мен үндістандық тегі бар адамдар үкімет саясатында ерекше орын алған жоқ, өйткені олар Үндістанның дамуына ешқандай үлес қоспай, тек өз жеке басының мүддесі үшін көшіп кеткен адамдар ретінде қаралды. Алайда, осы ғасырдың басында бұл үндістердің ақшалай аударымдар мен инвестициялар арқылы өз отанының экономикасына үлес қосып қана қоймай, өздері тұратын елдердің үкіметтерінде де маңызды рөл атқаратыны түсінілді. Үнді диаспорасының маңыздылығын қазіргі уақытта халық саны 35,4 миллионнан асатын (Австралия мен Жаңа Зеландияның біріктірілген халқынан да көп) үнді диаспорасының соңғы қаржы жылында отанына 135,46 миллиард АҚШ долларын аударғанынан-ақ түсінуге болады! Бұдан бөлек, үндістандық тегі бар көптеген азаматтар академиялық мекемелерде және түрлі мемлекеттердің мемлекеттік басқару органдарында жоғары лауазымдарға көтерілді, бұл олардың Үндістанның сыртқы саясатын қалыптастырудағы маңызын айқындай түседі.Соңғы жылдары Үндістан үкіметтері осы орасан зор адами әлеует пен ресурстарға көбірек көңіл бөле бастады. Жыл сайынғы «Праваси Саммелан» іс-шаралары мен «Праваси» марапаттары үнді диаспорасының көрнекті тұлғаларымен байланысты нығайтуға серпін берді. Үндістанның Сыртқы істер министрлігі еңбек ету, кәсіпкерлік қызметпен айналысу немесе білім алу мақсатында шетелге шығатын Үндістан азаматтарының әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін бірқатар бастамаларды қолға алды.

Азаматқа бағытталған дипломатияның негізгі ерекшеліктері

Бұл бастамалар азаматтың паспорт рәсімдеуге өтініш беруінен және виза алудан бастап, сапарға шығуы, шетелде қауіпсіз болуы және Үндістанға оралуына дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.Шетелге шығуға ниет білдіретін үнді азаматтарының санының артуына байланысты Үкімет жаңа паспорт бөлімшелерін ашты, барлық аудандарда паспорт рәсімдеуге өтініш қабылдау орталықтарын іске қосты, рәсімдерді цифрландырды, сондай-ақ халықаралық сапарларды жеңілдету үшін халықаралық әуежайлардың санын көбейтті. Жолға шығар алдындағы бағдарлау және даярлау (PDOT) бағдарламалары жұмыс істейді, шетелдегі үндістердің медициналық сақтандырылуын қамтамасыз ету үшін «Праваси Бхартия Бима Йоджана» сақтандыруы басталды, үнді жұмысшылары үшін тиісті жұмыс жағдайын қамтамасыз ету мақсатында сегіз елмен Көші-қон және мобилділік серіктестігі туралы пактілерге және он тоғыз елмен Әлеуметтік қамсыздандыру келісімдеріне қол қойылды. Сондай-ақ азаматтарға тиісті ережелер мен талаптар туралы ақпарат беруге арналған eMigrate қосымшасы іске қосылды. Көптілді MADAD көмек порталы тәулік бойы жұмыс істеп, қиын жағдайға тап болған Үндістан азаматтарына қолдау көрсетеді. Портал еңбек визаларын, жұмыс берушінің мәртебесін және оның әлеуетті қызметкерге ұсынатын сақтандыру кепілдігін де тексереді. Үкімет шетелдегі Үндістан азаматтарының қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында жаңа елшіліктер мен консулдықтарды ашты. Сол юрисдикцияда тұратын үндістердің әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін Консулдық бөлімнен бөлек Үнді қоғамдастығы бөлімі құрылды. Шетелдегі Үндістанның барлық дипломатиялық миссиялары мен өкілдіктерінде төтенше жағдайлар кезінде уақытша баспана, заңгерлік көмек және мұқтаж/шарасыз қалған үндістерге Үндістанға әуебилеттер ұсыну арқылы азаматтарымызға көмектесу үшін Үнді қоғамдастығының әл-ауқат қоры (ICWF) құрылды. Бұдан бөлек, үнді қоғамдастығының шағымдары мен мәселелерін тыңдау және шешу үшін Үндістан елшіліктерінде тұрақты түрде ашық есік күндері ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, үкімет қақтығыс аймақтарында қалып қойған Үндістан азаматтарын құтқару бойынша бірқатар табысты операцияларды жүргізді. Соңғы жылдардағы осындай операциялардың қатарында Украина, Оңтүстік Судан және Йеменнен эвакуациялау шаралары бар.

Сын-қатерлер

Азаматқа бағытталған дипломатияның да өзіндік қиындықтары бар. Түрлі мақсаттармен шетелге шығатын үндістердің өсіп келе жатқан саны кадр тапшылығы мен ресурс жетіспеушілігінен зардап шегіп отырған дипломатиялық өкілдіктерімізге ауыр салмақ түсіруде. Соғыс жүріп жатқан елдердегі үнді қауымдастығына тиімді көмек көрсету де тұрақсыз жағдайға байланысты күрделі міндетке айналады. Үндістандық делдалдар мен әлеуметтік желілер арқылы таралатын жалған ақпарат, сондай-ақ әр елдегі құқықтық жүйелердің ерекшеліктері бұл мәселелерді одан әрі күрделендіреді.

Алға қойылған міндеттер

Шетелдегі өкілдіктеріміздің қарамағына жеткілікті қызметкерлер пен қаражат бөлу және оларды онда жібермес бұрын тиісті түрде оқыту түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Жұмысқа немесе оқуға шетелге баратын әрбір үнді азаматы үшін жолға шығар алдындағы бағдарлау міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ осындай азаматтарды адастыратын және жалған ақпарат беретін делдалдардың қызметіне тосқауыл қою бойынша қатаң шаралар қабылдау аса маңызды.

Қорытынды

Дипломатиямыздағы азаматтың маңыздылығы ақыры түсініліп, Үкімет олардың мәселелерін объективті әрі оң көзқараспен шешіп жатқаны қуантады. Қосымша ресурстар бөлініп, жосықсыз делдалдарға қатысты қатаң шаралар қабылданған жағдайда, Үндістанның азаматқа бағытталған дипломатиясы сөзсіз бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізеді.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *