2026 Korea–Kazakhstan Culture and Trade Week

2026 жылғы 25–27 маусым аралығында Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен Корей мәдени орталығы Алматы қаласының әкімдігі және «Қазақстандағы корейлер қауымдастығы» РҚБ-мен бірлесіп, Алматы қаласындағы Республика сарайында «2026 Korea–Kazakhstan Culture and Trade Week» іс-шарасын өткізеді.

Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған бұл ауқымды іс-шара қыркүйек айында Корея Республикасында өтетін «Корея – Орталық Азия» алғашқы саммиті қарсаңында Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени және экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында өткізіледі. Сонымен қатар, Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын бірлесіп атап өту, сондай-ақ келесі жылы аталып өтетін Қазақстанға корейлердің қоныс аударғанына 90 жыл қарсаңында екі ел арасындағы көпжылдық достық пен ынтымақтастықтың құндылығын айшықтайтын ерекше алаң болмақ.

Іс-шараға Кореяның Ауыл шаруашылығы, балық және азық-түлік өнімдерін тарату корпорациясының Мәскеу өкілдігі (aT), Корея туризм ұйымының Алматыдағы өкілдігі (KTO), Кореяның сауда және инвестицияларды ынталандыру агенттігінің (KOTRA) өкілдігі, Шағын және орта бизнес пен стартаптарды дамыту агенттігі (KOSME), сондай-ақ LG Electronics Kazakhstan компаниясын қоса алғанда, жергілікті компаниялар қатысады. Республика сарайының алдындағы ашық алаңда аталған ұйымдардың арнайы K-аймақтары ұйымдастырылады. Келушілер корей тағамдарынан дәм татып, корей косметикасымен, туристік бағыттарымен және Кореяның шағын және орта бизнес өнімдерімен таныса алады. Сондай-ақ мәдени бағдарлама аясында Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының әртістері, «Алматы Әуендері» құрамындағы А. Әшімов атындағы театр әртістері, сондай-ақ екі елдің K-pop және Q-pop өнерпаздары өнер көрсетеді. Осылайша, іс-шара Корея мен Қазақстан арасындағы мәдениет пен экономиканы тоғыстыратын жыл сайынғы кешенді ынтымақтастық алаңына айналмақ.

Іс-шараның алғашқы күні – 25 маусымда «Ариран: Өткеннің жаңғырығы, бүгіннің үні» атты көпжанрлы концертпен ашылатын салтанатты рәсім өтеді. Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Алматының жетекші мәдени ұйымдарының бірі – «Алматы Әуендері» құрамындағы А. Әшімов атындағы театр әртістері және классикалық кроссовер жанрындағы IL CANTO тобы Корея мен Қазақстанның тарихы мен мәдениетін бейнелейтін әсерлі концерттік бағдарламаны ұсынады.

26 маусымда Алматыда «Kazakhstan K-POP Cover Dance Champion» би байқауының финалы өтсе, 27 маусым күні көрермендерді кореялық TIOT тобы мен қазақстандық ALPHA тобының бірлескен концерті күтеді.

Биылғы жылы жаңа Alatau City қаласындағы мәдени-іскерлік кеңістік ретінде жоспарланған K-PARK жобасының таныстырылымына ерекше назар аударылады. Республика сарайының фойесінде арнайы павильон ашылып, қонақтар жобаның қазіргі жағдайымен таныса алады.

Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжон Кихон:

«Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы Қазақстан корейлері ұзақ жылдар бойы қалыптастырған ерекше тарихи байланыстар мен мәдени ортақтыққа негізделе отырып, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп келеді. Алдағы қыркүйек айында өтетін «Корея – Орталық Азия» алғашқы саммиті екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретін маңызды кезең болады деп сенемін. Саммит қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл іс-шара екі ел халықтары арасындағы достық пен сенімді одан әрі нығайтуға ықпал ететін маңызды мүмкіндікке айналады деп үміттенемін», – деп атап өтті.

Концерттерге кіру тегін билеттер арқылы жүзеге асырылады.

 

Билеттерді келесі мекенжайлар бойынша алуға болады:

1. «Қазақстандағы корейлер қауымдастығы» РҚБ кеңсесі («Корей үйі»)
Мекенжайы: Алматы қ., Гоголь көшесі, 2
Жұмыс кестесі: дүйсенбі–жұма: 09:30–17:00 (түскі үзіліс: 13:00–14:00), сенбі–жексенбі: 11:00–16:00

2. Республикалық мемлекеттік академиялық корей театры
Мекенжайы: Алматы қ., Бөгенбай батыр көшесі, 158
Жұмыс кестесі: дүйсенбі–жұма: 10:00–17:00, сенбі–жексенбі: 11:00–16:00

* Бір адам әр іс-шараға ең көбі төрт билет ала алады.

Толық ақпарат: https://kaz.korean-culture.org/kk/494/board/205/read/145432

 

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *