Елордада колледж оқытушыларына арналған «Түсінуден стратегияға: ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді оқыту және өзара әрекеттесу» тақырыбында қалалық семинар өтті. Іс-шараны Қазақстанда инклюзивті білім беру саласында 10 жылдан бері бастамаларды іске асырып келе жатқан «Bolashak Charity» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Семинардың мақсаты — оқытушыларға аутизм спектрі бұзылыстары және басқа да менталды ерекшеліктері бар студенттердің ерекшеліктерін түсіндіру, сондай-ақ олармен сабақ барысында және сыныптан тыс іс-шараларда тиімді өзара әрекеттесудің әдіс-тәсілдерін ұсыну.
Семинарға Астананың сегіз колледжінен шамамен 70 оқытушы қатысты. Оқыту процесін халықаралық сертификатталған мінез-құлық талдаушылары және «Bolashak Charity» қорының мамандары жүргізді.
— Біз әрбір ерекше қажеттілігі бар студент өз әлеуетін ашып, оқу ортасында түсіністікке ие болатындай жағдай жасауды мақсат етеміз. Инклюзия — бұл жай ғана біріктіру емес, бұл — құрмет, қолдау және саналы көзқарас. Студенттерді ерекше білім беруді қажет ететін жағдайда оқытудағы негізгі қиындық – олардың мінез-құлық ерекшеліктерінің әртүрлі болуы және мұғалімдердің оған дайын болмауы. Әр баланың ерекшелігі әрқалай, сондықтан да оқытушыларға осындай студенттерді тиімді оқытуға қажетті құралдар мен дағдыларды үйрету маңызды, — деді «Bolashak Charity» қорының инклюзия бағдарламаларының үйлестірушісі Самал Албилекова.
Семинар аясында қатысушылар келесі тақырыптарды меңгерді:
• Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді сүйемелдеу әдістері;
• Қабылдау ерекшеліктерін ескере отырып, оқу материалдарын бейімдеу принциптері;
• Аутизмі бар студенттерді оқытуға арналған практикалық құралдар мен тәсілдер;
• Сыныптан тыс іс-шараларды ұйымдастыру және тиімді өзара әрекеттесу жолдары.
Семинар тәжірибеге бағытталған түрде өтті — әрбір қатысушы теориялық білім алып қана қоймай, ұсынылған құралдарды оқу кейстерінде қолданып көруге мүмкіндік алды. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
2024 жылдан бастап «Bolashak Charity» қоры менталды ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіптік даярлау және жұмыспен қамтуға бағытталған Оқу-өндірістік комбинаттар жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба басталғалы бері 80-нен астам адам оқудан өтті, 11-і тәжірибеден өтті, 3-еуі жұмысқа орналасты. Өткен жылы Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, Астана қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі базасында аутизмі бар жасөспірімдерге арналған арнайы топтарда оқытудың пилоттық жобасы іске қосылды. Жасөспірімдер аспазшы-кондитер және тігінші мамандықтары бойынша білім алуда. Бүгінде бағдарламаға ерекше білім беру қажеттілігі бар 20 студент қатысуда.