Cарапшылар аймақ елдеріндегі мемлекеттік басқару жүйесін Өзбекстан мысалында талқылады

Халықаралық сарапшылар қауымдастығы Өзбекстандағы мемлекеттік және қоғамдық құрылыс жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өз пікірлерімен бөлісті. Дөңгелек үстелді Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Қазақстандағы және Өзбекстандағы Фридрих Эберт қоры өкілдігі мен Астана мемлекеттік қызмет хабы ұйымдастырды.

Жиынға Азия, Америка және Еуропа елдерінің мемлекеттік органдары, сараптамалық орталықтары мен білім беру мекемелерінің  150-ден астам өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелде Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы Спикерінің Бірінші орынбасары Акмал Саидов, сонымен бірге Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдегі мемлекеттік басқару академиялары жетекшілері, Қазақстандағы және Өзбекстандағы Фридрих Эберт қоры аймақтық бөлімінің басшысы сөз сөйледі. Олар мемлекеттік басқару реформасы, адам құқықтары мен азаматтық қоғамды жандандыру саласындағы Өзбекстанның жетістіктерін атап өтті.

Өз кезегінде, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов өз сөзінде Өзбекстан хабқа қатысушы белсенді елдердің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол халықаралық тәжірибеге сәйкес мемлекеттік басқару сапасы мен кешенді стратегияларды жүзеге асыруда ескерілу  қажет факторларға тоқталды. Оның ішінде стратегиялық және бюджеттік жоспарлау жүйесінің тұтастығын, институттаралық қатынастардың айқындығын, ақпараттық ағындарды оңтайландыруды, мемлекеттік аппарат ішіндегі бизнес-үдерістер мен мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерістерін оңайлатуды, қоғамдық қатысу мен азаматтық белсенділікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.

Талқылау барысында іс-шараға қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, мемлекеттік басқару мен қоғамдық құрылыс жүйесін одан әрі жетілдірудің жолдары мен бағыттарын талқылады.

INFOTIMES

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *