Лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік, қазіргі қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселе. Бұл құбылыс адамдардың өміріне теріс әсер етіп, қаржылық, психологиялық және әлеуметтік қиындықтарға әкеліп соқтырады. «Лудомания» сөзі сөзбе-сөз аударғанда «ессіз болғанша ойнау» деген мағынаны білдіреді. Бұл адамның шамадан тыс құмар ойындарынан зардап шегетін психологиялық жағдайын сипаттау үшін қолданылатын медициналық термин. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құмар ойындар, лудомания дәрі-дәрмекпен емделмейтін күрделі психикалық ауру екенін ресми түрде мойындады.
Лудоманияның басты белгілері — адамдағы ойынға деген шексіз тартылыс. Бірінші кезеңде ойын адамды қызықтырады, бірақ біртіндеп бұл қызығушылық тәуелділікке айналады. Адамдар ойынға ақша салып, жеңуді үміт етеді, алайда көбінесе олар көп ақша жоғалтады. Жоғалған ақша мен уақыт оларды одан сайын босаңсытып, келесі ойынға итермелейді.
Психологиялық тұрғыдан алғанда, лудоманияның себептері әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір адамдар стресстен, өміріндегі қиындықтардан қашу үшін ойынға жүгінеді. Басқалары, керісінше, адреналин мен эмоция алу мақсатында құмар ойындар ойнайды.
2022 жылы «Ойынқұмарлықпен күресу бойынша кешенді шаралар қабылдау туралы» атты тақырыпта парламент отырысында ҚР Парламенті сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп 350 мыңға жуық қазақстандықтың ойынға тәуелді екенін, олардың басым бөлігі жасөспірімдер екенін атап өтті.
Ал 2024 жылы мәжілісте республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директорының орынбасары Дәулет Байпейісов елімізде шамамен 440 мың адам құмар ойындарға тәуелді деген ақпаратпен бөлісті.
Құмар ойындар мен бәс тігулерді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтердің көлемі спорт, демалыс және ойын-сауық саласына қарағанда 21,3%-ға, кітапханалардан, мұрағаттардан, мұражайлардан және басқа да мәдениет нысандарынан көрсетілетін қызметтерден 9 есеге, ал шығармашылық, өнер және ойын-сауық саласындағы көрсеткіштен 12 есе артық.
Өз кезегінде, 2022 жылдың бірінші тоқсанында ойын және бәс тігулерді ұйымдастыру бойынша қызметтердің көлемі 138,8 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құндық мәнде 8,4 есеге және 2021 жылдың толық көрсеткішінен екі есе дерлік көп. . Бұл құмар ойындар сегментінің орасан зор нақты ауқымын және оған Қазақстан Республикасы азаматтарын тартудың орасан зор деңгейін көрсетеді.
Лудоманиямен күресудің бірнеше жолы бар. Ең бастысы — мамандардардың көмегіне жүгіну. Алайда адамның өзінде бұл тәуелділікті жоюға деген ерік-жігер, мотивация болмаса, маманның көмегі бұл жерде көмектеспеуі мүмкін. Лудоманияға шалдыққан жандарға қолдау көрсету. Адамның өзін-өзі бақылау қабілетін арттыру, стрессті басқару дағдыларын үйрену маңызды. Біліммен ақпараттандыру да маңызды рөл атқарады, себебі көптеген адамдар лудоманияның шынайы салдарын түсінбейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен үкімет 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылдады. Олар лудомандар санын екі есеге қысқартуға ниетті. Сол себепті лудомандарға мемлекет есебінен тегін емдеу, медициналық-әлеуметтік оңалту шаралары ұсынылады.
Лудомания — бұл қоғам дерті, ол жеке адамдардың ғана емес, тұтас отбасылар мен қоғамның әл-ауқатына әсер етеді. Тек бірге әрекет етіп, ақпараттандыру, психологиялық қолдау және емдеу бағдарламалары арқылы лудоманияның теріс әсерлерін жоюға болады. Лудоманиямен күресу — біздің ортақ міндетіміз. Тек қоғам болып бірігіп, бұл дертпен күрескенде, біз құмар ойындардың қасіретінен арылып, адамдарға жаңа мүмкіндіктер сыйлай аламыз.
Толқын Қалабай