Technovation Girls жобасында бұл – қалыпты нәрсе.
Technovation Girls Kazakhstan – бұл 8–18 жас аралығындағы қыздарға арналған тегін жаһандық волонтерлік бағдарлама. Оның мақсаты – қыздардың технологиялық дағдыларын, кәсіпкерлік көзқарасын, көшбасшылық қасиеттерін дамыту, әлеуметтік мәселелерге креативті шешім табуға үйрету және IT саласындағы гендерлік алшақтықты азайту. Менторлар мен сарапшылардың қолдауымен қатысушылар топтарда жұмыс істеп, мобильді қосымшалар мен жасанды интеллект негізінде жобалар жасауды үйренеді. Бұл қазіргі заманда өте маңызды дағды саналады. Қазақстанда бағдарлама 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 8 жыл ішінде елімізде 2000-нан астам қыз өздерінің мобильді қосымшаларын жасап шығарды. 7 команда жаһандық жеңімпаз атанып, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласына сапар ұтып алды.
Бакишева Инкар (18 жас) Technovation Girls жобасына қатысу тәжірибесі туралы:
«Technovation Girls туралы алғаш рет анамнан естідім, ол бірден маған қатысуға кеңес берді. Мені анам тіркеп берді, кейін көп ұзамай 4 қыздан және 2 ментордан тұратын командамыз құрылды. Біздің командамыз “Save pets” деп аталды және ол үйсіз жануарларға көмек ұшын созуға бағытталды. Бұл мен үшін ең жарқын күндер болды: біз түрлі коворкингтер мен кафелерде жиналып, қосымшаны жасау жоспарын ойластырдық. Біз жануарлар панажайларына барып, олармен әріптестік туралы келіссөздер жүргіздік. Панажайдың атауы әлі есімде – «Белый бим» деп аталды. Біздің қосымшамыз арқылы адамдар үйсіз жануарларға үй табуға көмектесіп, тікелей панажаймен байланыса алды.
Біз әртүрлі іс-шараларға қатысып, өз қосымшамызды таныстырып, идеямызды кеңінен тараттық. Сонымен қатар, жұмыс барысында біз бағдарламалау негіздерін үйреніп, қолданбаның интерфейсін жасауға көмектескен маманмен жұмыс істедік. Есімде, сол кезде басқа қатысушыларға қарағанда жасымыз кішкентай еді – бар болғаны 9–10 жаста болдық.
Нәтижесінде біздің командамыз екінші орынды иеленді – бұл біз үшін үлкен жетістік болды. Байқаудан кейін де біз менторлармен байланысты үзбедік, жобадан кейін де бірге қыдырып, сөйлесіп жүрдік.
2018 жылы мен қайтадан Technovation бағдарламасына тіркелдім, бірақ бұл жолы басқа команда жинадым. Команда 5 қыздан құралды. Біздің командамыз “High 5” , ал қосымшамыз – “HiKing” деп аталды.
Бізге Алматының таулары жайлы туындаған идея қатты ұнады. Көптеген адамдар тау бағыттарын білмейді, ал бұл тауға шығатын адам үшін қауіпті. Себебі тауда адасып кету оңай және ол қайғылы жағдайларға әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан бізде қауіпсіздік ережелерін қосымшаға енгізу ойы туындады.
Біз пайдаланушыларға қолжетімді түрде тау маршруттарын табуға мүмкіндік беретін қосымша әзірледік, күнтізбе жасау идеясын ойластырдық, ол арқылы адамдар серіктес тауып, алдын ала жоспарланған күндерге бірге сапарға шыға алатындай бағдарлама құрдық. Түрлі бейнебаяндар түсірдік, басқа командалармен достасып, футболкалар мен стикерлерге логотиптер ойлап таптық. Менторлар берген барлық үй тапсырмаларын мұқият орындап, сауалнамалар жүргізіп, нәтижелерге талдау жасадық. Әрине, қиындықтар да болды, бірақ олар бізді тек біріктіріп, мықтырақ етті. Оған қоса, менторлар бізді барлық кезеңдерде қолдап, қиын сәттерде жігерлендіріп тұрды.
Сол жылы біз көптен күткен бірінші орынды жеңіп алдық, бірақ бағдарламадағы техникалық қиындықтарға байланысты сапарға бара алмадық. Дегенмен, 1000 доллар көлемінде ақшалай сыйақы алдық, бұл да біз үшін үлкен жетістік болды.
Technovation-ға қатысу – дамушы орта қалыптастыру. Жоба барысында мен қыздармен өте жақын араласып кеттім, кейбіреуімен әлі күнге дейін жақын байланыстамын. Барлығымыздың бір мақсатпен келгенімізден, тіл табысу оңай болды.
Technovation Girls мыңдаған қыздардың өз қабілеттерін ашуына және қоғамға өз үлесін қосуына мүмкіндік берді. Биыл менің бұл жобаға ментор ретінде қайта оралу жоспарым бар. Бұл мен үшін жаңа және қызықты тәжірибе болары сөзсіз.»
Technovation Girls бағдарламасы — тек технологиялық білім беріп қана қоймай, жас қыздардың өзіне деген сенімін нығайтуға, командада жұмыс істеуге, алдыға жоғары мақсаттарды қоя білуге және оларға ұмтылуға үйрететін орта. Осындай жобалардың дамуы қоғамдағы маңызды оң өзгерістердің алғышарты.
Ханзада Оразбай