Қазақстандық оқушыларда онлайн платформа арқылы кез-келген саладағы мамандардан практикалық білім алу мүмкіндігі пайда болмақ. Бұл онлайн тұғырнаманы Digital Solutions Ltd атты цифрлық шешімдер жасайтын отандық компания әзірлейді. Бұл Астана мемлекеттік қызмет хабының Инновациялық шешімдер байқауы нәтижесінде жүзеге асуда. Байқауда Digital Solutions Ltd. жеңімпаз атанып, оған білім беру платформасын әзірлеу үшін грант берілген.
Digital Solutions Ltd. компаниясының басшысы Абзал Асқаров Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменовпен кездесуі кезінде осындай конкурсқа қатысу мүмкіндігін бергені үшін Хабқа алғысын білдірді. «Біздің инновациялық жобамыз Қазақстанда білім беруді цифрландыруға, сондай-ақ оқушыларды белгілі бір мамандық бойынша мектеп қабырғасынан бастап практикалық білім алуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деді ол. Инновациялық платформа еліміздің кез-келген түкпіріндегі оқушыға оқулықтардан алынған теориялық білімнің тәжірибеде қалай қолданылатынын көруге және кәсіби мамандармен бірге шынайы өмірді танып-білуге жол ашады.
Алихан Байменов өз кезегінде мемлекеттік сектор ақпараттық технологияларды пайдалануда кейін қалмауы тиіс екенін атап өтті. «Эстония мен Корея Республикасы тәрізді елдерде цифрландыру жаңа деңгейге жетті – денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, білім беру, салық салу секілді барлық дерлік салаларды қамтиды. Қазақстанның алар асуы – алда, Астана мемлекеттік қызмет хабы мемлекеттік басқарудағы инновациялық жобалардың өркендеуіне және олардың еліміз бен шет елдерге таралуына барынша қолдау көрсетеді», – деді ол.
Жобаның нәтижелері осы жылдың маусым айында Астана мемлекеттік қызмет хабының жыл сайынғы конференциясында таныстырлатын болады.
Астана мемлекеттік қызмет хабының инновациялық шешімдер конкурсы мемлекеттік басқаруды жаңғырту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және мемлекеттік мекемелерде инновациялық және шығармашылық тәсілдерді ынталандыру бойынша бастамаларды қолдау мақсатында алғаш рет 2015 жылы өткізілді.
Digital Solutions Ltd. компаниясымен қатар, Швейцарияның IMD World Competitiveness Center компаниясы да «Блокчейн: электрондық үкімет үшін инновациялық шешім» жобасымен 2018 жылғы байқаудың жеңімпазы атанды. Ал 2015 жылы инновациялық конкурстың жеңімпаздары ретінде Ұлыбритания, Молдова және Қазақстан өкілдерінің жобалары таңдалған еді.