Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген интеллектуалдық бағдарлама осылай деп аталады.
Адам 1 минутта кемінде 12 рет кірпік қақса, жүрегі 60-80 рет соғып үлгереді екен. Леопард 1 минутта 2 км жер жүгіре алады, қаршыға бұл уақытта аспанда 5 км қашықтықты ұшып өтетін көрінеді…
Құрамында кіл «сен тұр, мен атайын» тіл маманы, тарихшы, танымал тұлғалар мен қоғам белсенділері бар 80 адамнан құралған 20 топ «1 минутта» бар білімін көрсетеді.
Олар әр сенбі, жексенбі күні көрерменін қызыққа кенелтіп, көкейіңде жүрген көп сауалға жауап тауып береді. – Мұны әзірлеу барысында елуден астам білікті маман жұмысқа тартылды, – дейді орталықтың ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы, жас ғалым Мөлдір Бақытқызы. – Тележобаны әзірлеу барысында үш Тұжырымдама ұсынылып, топтық сайыс түрінде жүргізілетін осы нұсқа таңдалды. Бағдарлама қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді, танымдық бағытты мақсат еткендіктен, жоба әзірлеу барысында көрерменді жалықтырып алмау жағы мұқият ескерілді. Сол себепті әзіл-әңгімелер, танымдық сұрақтар мен қызықты тарихи деректер көбірек қолданылды. Көрерменнің талғамын тәрбиелеп, тарих, мәдениет, әдебиет тақырыптарына ынтасын арттырады деп ойлаймыз
Бағдарлама «дұрыс» және «қате» жауаптардан құрылғандықтан, шығармашылық ұжым бірден қызыл және жасыл түске тоқтапты. Яки, сұрақтың жауабын жедел әрі дұрыс берсе, студия жасыл түске боялады, қате болса, қызыл түс жанады.
Мұның бәрін сөзбен әңгімелеп бергеннен гөрі, өз көзіңмен көрген абзал. Ел аузында жиі қолданыста жүретін «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деген уәж осы жерге тура келеді. «1 минут» танымдық тележобасы алдымыздағы қыркүйек айының алғашқы сенбі-жексенбісі күні «Астана» телеарнасынан көрсетіле бастайды.
«Көрген де – арманда, көрмеген де – арманда» керемет бағдарламаны құр жіберіп алмаңыздар!