Әлемге аты әйгілі, халықаралық QS рейтингінде 44 орында тұрған, Орта Азия жоғары оқу орындары арасында үздік бестікке еніп, Қытай Халық Республикасы білім ордалары ортасында жүлделі үштіктен көрініп келе жатқан Фудань университеті журналистика және коммуникация факультеті ұйымдастыруымен 2018 жылдың 19-20 қазан күндері Шанхай шаһарында өткен «Құбылмалы кезеңде журналистика және коммуникация таланттарын даярлау бағыттары : прадигмалары мен иновациясын зерттеу – 2018» атты халықаралық конференцияға төрт құрылықтың атақты университеттерінен 100-ге тарта журналистика факультеттері декандарымен бірге Қазақстаннан ғана емес, ТМД елдерінен жалғыз өкіл ретінде қатысу мәртебесіне ие болғанымызды университетіміздің беделі деп білеміз. Оны Шанхай шаһарының хақ орталығынан ойып тұрып орын тепкен Фудань университетіне барған кезімізде бір-ақ біліп, көңіл толқыған сәтті бастан кешкенімізді жасыра алмаймыз. Осы орайда, осынау мәртебелі жиынға шақырылуымызға себепші болған ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Халықаралық білім орталығының басшылығына, сонымен бірге олардан еліміздің журналистер даярлайтын бір жоғары оқу орнының өкілін конференцияға жіберу туралы ақпаратты ести сала, оны білім ордамызға қарай бұруға бастамашыл болған университетіміздің Бірінші проректоры–оқу ісі жөніндегі проректор Әсемгүл Александрқызының жаныашырлығына ризашылығымызды білдіргеніміз лазым.
18 қазан күні жер шарының түкпір-түкпірінен шақырылған қонақтарын – кіл декандарды жылы қарсы алып, тіркеуден өткізіп, Фудань университетінің мекен- жайымен таныстырғаннан кейін білім ордасының 4 жұлдызды қонақ үйіне орналастырып қана қоймай, кешкі ас үстінде әр қайсысымен жеке жүздескен конференцияның бас ұйымдастырушысы журналистика және коммуникация факультетінің деканы, профессор Mi Bohua мырзаның іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті болдық.
Көптен күткен конференция 19 қазан күні Фудань университетінің журналистика және коммуникация факультетіне тиесілі үш оқу корпусының бас ғимаратының Салтанат залында таңғы сағат 08:30 – да дөп уақытында басталып, бағдарламада көрсетілген шаралар сағатты айтасыз, минутына-минуты сай өткізілгеніне қарап, қытайлық әріптестеріміздің немістерден өткен ұқыптылығына таң қалдық та, еріксіз сүйсіндік.
Конференцияда Америка, Еуропа, Азия және Австралия құрылықтарының атақты университеттері журналистика мектептерінің жүзге тарта жетекшілері баяндама жасады. Атап айтқанда, Американың Missouri университетінің деканы Fritz Cropp, Oklahoma университетінің деканы State Randy Kluver, Жапонияның Sophia университетінің деканы Oto Yoshihiro, Waseda университетінің деканы Shiro Segawa, Hong Kong университетінің деканы Li Xigen, Ветнамның Hanoi университетінің деканы Dang Thi Thu Huong, Австралияның Melbourne университетінің деканы Kate MacNeil және Қытай Халық Республикасының ондаған жоғары оқу орындары журналистика мектептері жетекшілері журналистика және коммуникация таланттарын даярлаудағы инновациялық модульдер, халықаралық біріккен бағдарламаларды жүзеге асыру жолдары, маман даярлаудағы жаңа технологиялар, профессор-оқытушылардың біліктілігін арттыру және маман даярлаудағы іскерлік пен инновация мәселелері, индустрия - университет - зерттеу қарым-қатынасы тақырыптары бойынша құнды ой-пікірлерін талқыға салды. Біздің тарапымыздан жасалған «Қазақстан Республикасында журналистер даярлаудағы жаңа трендтер» тақырыбындағы баяндама конференцияға қатысушылардың қызығушылығын туғызғаны олардың сұрақ қойып, факультетімізбен байланыс орнатуға деген ынталылық танытуларынан байқалды.
Форум жоғары оқу орындары арасындағы мемарандумға қол қою, журналистика мектебі жетекшілерінің ҚХР бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен диалогы және Фудань университеті журналистика және коммуникация факультеті оқу ғимараттарын аралау, студенттердің телестудиялық сабақтарын тамашалау шараларымен жалғасын тапты.
Қайрат САҚ,
Журналистика және саясаттану
факультетінің деканы, профессор