Коко Шанель. Сән саласының ардагері саналатын Коко, ғасырдан аса уақыт бұрын өмір сүрсе де, әлі күнге дейін сән сөзімен қатар келеді. Коконың ойлап тапқан ең алғашқы киімі – ескі свитерден жасалған көйлек еді. Ерекше көйлекке таңқалысқан жұрттың “Мұндай киімді қайдан алдыңыз?” деген сұрағына “Сізге де осындай жасап берейін” деп жауап қататын. Нағыз әйелдің бойынан табылатын кербездік те, тәкаппарлық та, сұлулық та, ісмерлік те Шанельдің шынайы бейнесін суреттеп тұрғандай. Оған ғашық жандардың арасында белгілі суретші Пабло Пикассо, атақты орыс сазгері Игорь Стравинский болды. 10 жыл бойы ғашықтық сезімін білдіріп жүрген герцог Вестминстерскийдің үйлену туралы ұсынысына Коко: “Герцогиньдер көп, ал Шанель жалғыз” деп жауап берген.
Шанельдің тіккен киімдерінің ерекшелігі сол, киімнің жалтырағандығына емес, ыңғайлылығына аса мән берген. Осылайша, қарапайым жетім қыздың Коко Шанель болып қалыптасып, брендке айналуы әлемдік жаңа бір өзгеріс әкелді.
Сән сөзінің әйелдермен ғана байланысты емес екенінің тікелей дәлелі – Карл Лагерфельд. Coco Chanel брендін басқарушы сәнгер. Ол Шанель дүниеден өткеннен кейін, барлық компанияны өз қолына алып, оның одан әрі дамуына септігін тигізді. Лагерфельд талантты дизайнер ғана емес, дарынды режиссер, фотограф, әрі суретші. Оның сәнге деген қабілеті ерте жастан байқалған. Жастайынан бірнеше атақты сән үйлерінде қызмет атқарып, 1966 жылы алғашқы рет киім үлгілерін ұсына бастаған. Карлдың ең ғажап қабілеті бір уақытта бірнеше іспен айналысуында, өйткені ол «қалған өмірім барлық идеяларымды жүзеге асыруға жетпей қалады ма» деген қорқынышы бар. Ол тіпті, жаңа басылған кітаптардың иісінен әтір жасап шығарған. Карл Лагерфельдтің қанмен дарыған дарыны қайталанбас ғажайыпқа баланды.
Джорджио Армани. ХХ ғасырдың басында сән саласына ер адамдардың қосқан үлесі мол болды. Ральф Лорен, Роберто Кавалли, Валентина Гаравани, Кристиан Диор сынды сән саласынының майталмандарын атауға болады. Солардың бірі – Джорджио Армани. Өнерлі адамды қай қырынан алып қарасаңыз да, өнерлі. Джорджио Армани тек қана әйгілі модельер емес, бизнестік қырымен де әлемге өзін паш еткен жандардың бірі. Ол кісі киімімен адамды таңғалдыруды әрі сол киім арқылы өз кемшіліктерін жабуды да өте жақсы біледі. Армани бір сөзінде қазіргі заманғы жігіттердің сәнқойлығы өзін қуантатынын айтқан. Оның ойынша “Сән дегеніміз – өз заманынан бір қадам алда жүру”. Есімі әлемдік брендтің төрінде жүрген италияндық сәнгер Армани бала жастан бері шығармашылық жан болған. Театрға қызығушылық танытып, әрі сурет салып, қуыршақтарға өзі киімдер тіккен. Осындай бастау, оның болашақтағы ерлер киімінің нөмірі бірінші дизайнер болуына үлкен серпін болды.
Гүлбарам Құрақ